Күн салқыны сезіліп, қылышын сүйретіп қыс келетінінен хабар береді. Жылу беру маусымы да жақындап қалды. Жалпы қала бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне 1621 нысан қосылған. Бүгінде кәсіпорынның теңгерімінде 23 энергия өндіруші нысан бар.
Қаладағы тозығы жеткен жылу жүйесін жаңалау мақсатында 6 жоба жүзеге асуда. Жоба аясында 9,5 шақырымды құрайтын жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Кәсіпорынның өз қаражаты есебінен ұзындығы 4,3 шақырымдық кварталаралық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қала жылу маусымына сақадай сай. 15 қазанда жылу беріле бастайды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Қызылорда жылу электр орталығы мекемесінің «Жылу жүйелері» бөлім басшысы Хасанғали Иманғалиев баяндады.
– Қазіргі таңда магистралдық және кварталаралық жылу құбырларының тығыздығы мен беріктігін сынау үшін гидравликалық сынақ жұмысы жүргізілуде. Егер күнтізбелік бес күн ішінде гирдрометеорологиялық қызмет тіркеген сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы +10С және одан төмен немесе сыртқы ауа температурасы күрт төмендесе, қала әкімінің шешімімен жылу беру маусымы басталады, – деді бөлім басшысы.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!