Сенбі, 28 ақпан, 01:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2228)
28.02.2026
PDF мұрағаты

Жылы сөзге неге сараңбыз?

28.02.2026

36 0

Жақында мынадай жағдайға себепкер болдым. Әріптестік байланыс барысында концерт бағдарламасына барып, керемет кештің куәсі болып қайттым. Сол әсермен шақырған әріптесіме алғысымды білдірдім. Содан ол «қазір рахмет айта алмайтындар көп.

Сіз жұмысыңыз болса да маған алғыс білдіріпсіз» деп жазып жіберіпті.

Алғыс – жай ғана сөз емес. Ол – адамның ішкі мәдениетінің, тәрбиесінің көрсеткіші. Бүгінде адамдар арасында алғыс айту мәдениеті қаншалықты қалыптасқан? Қоғамда қызмет көрсеткен жанға алғыс айтпау, жақсылықты «міндет» ретінде қабылдау, от­ба­сында ризашылық сөздерінің сиреуі қалыпты жайт болып барады. Психологтар мұны эмоционалдық суықтықтың белгісі дейді. Ал адамдар арасында жылулық болмаса, қарым-қатынас та әлсірейді.

Психолог не дейді?

Психологтардың айтуын­ша, алғыс айту – эмоционалдық интеллектінің жоғары деңгейін көр­сетеді. Яғни, адам өзіне жасалған жақсылықты байқап, оны бағалап, ашық жеткізе алса, бұл оның ішкі тұрақтылығы мен саналы қарым-қатынас құра алатынын көрсетеді. Алғыс айтатын адамдарда күйзеліс деңгейі төмен, қарым-қатынас сапасы жоғары, өз-өзіне сенімділік мықты болады.

– Соңғы жылдары адамдардың бір-біріне алғыс айтуы сиреп бара жатқаны байқалады. Мұны жай ғана рахмет айтудың азаюы деп қа­былдамаймын. Бұл – ішкі мәдениет пен эмоционалдық байланыстың әлсіреп кеткенінің белгісі деп ойлаймын. Ма­ман ретінде айтарым, алғыс айту – кішіпейілдіктің белгісі. Ал қоғамда бұл қасиет неге азайып барады?. Осы сұраққа жауап іздесек. Біріншіден, ол тұтынушылық сана деп ойлаймын. Қазір көп адамдар «бәрі маған тиесілі» деп ойлайды. «Мен лайықпын» деген ғана түсінік қалыптасты. Көмекті міндет деп, жақсылықты қалыпты нәрсе деп қабылдайды. Ал міндет ретінде қабылдаған нәрсеге ешқашан алғыс айтылмайды. Өйткені «сен – міндеттісің» дейді. Ал шын мәнінде міндет пен алғыс айтудың арасы жер мен көктей. Екіншіден, бұл жан-дүниенің шаршауынан. Қазір көп адамдар күйзелісте жүр. Ал шаршаған адам ризашылықты сезінуге де мұрша­сы болмайды. Үшіншіден, салыстыру синдромы өте көп. Қазір әлеуметтік желінің кері әсерінен адамдар өздерін басқамен салыстырады. Біреу сыйлық берсе, ол одан да күшті сыйлықты көреді. Осылайша бар нәрсенің қадірі кетуде. Төртіншіден, бала тәрбиесіндегі өзгеріс. Бала кіш­кентайынан отбасындағы алғыс айту мәдениетін көріп өссе, оны кейін жал­ғастырар еді.  Өкінішке қарай, көп ата-ана ризашылығын білдіре алмай жатады. «Бірге келе жатқаны­мыз үшін, барлық қиындықтарға төзе білгеніміз үшін рахмет, ризамын,» деп бір-біріне рахмет айтып отырса, бала мұны көру, есту арқылы бойында жақсы қасиет қалыптасады. Мұндай жағдайларды көрмегеннен кейін бала да «рахмет айту міндет емес» деген түсінік қалыптасады. Көп адам алғысты арнайы айту қажет деп ойлайды. Алайда «алғыс» жай ғана сөз емес, оның құдыреті бар. Ол адамның жүрегіне жылу, қуат береді. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, ризашылық біл­діру – адамның психологиялық сау­лығын, тіпті адамның денесін, күшін, жасын жасартуға дейін көмек береді. Рахмет айту – адамды қуантады, қарым-қатынасты нығайтады. Рахмет айта білудің өзі үлкен мәдениет. Айтқысы келсе де, айта алмайтындар бар. Кез келген адамға жай ғана рахмет айтшы, қандай қуанып қалады. Адамдар әрқашан жылулыққа мұқтаж. Бала да, қарт кісіде жылы сөзге мұқтаж. Бірауыз жылы сөздің өзі адамның күні бойы шаршағанын басатыны ғылым­да дәлелденген. Сондықтан психолог ретінде айтарым, мәселе қоғамда емес, әрқайсымыздың ішкі әлемімізде. Өкінішке қарай, қоғамнан көреміз, бірақ қоғам адамдардан құралады ғой. Әр адамның ниеті, әрекеті түзу болса деймін, – дейді психолог Назира Аймаханова.

P.S. Бір адамға шын көңілден алғыс айту оны өзгертуге жасалған кішкентай қадам шығар. Алғыс айтуды күнделікті өмірдің дағды­сына айналдыру – әр аза­маттың жауапкершілігі. Ізгі қоғам құру қарапайым ғана алғыс айтудан басталады. 

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: