Сырбойылық ақын, қаламгер, облыс әкімінің «Тұран» сыйлығының иегері Ғазиза Әбілданың бұған дейін «Таңсәрі», «Сезім серуені» атты жыр жинақтары жарық көрген болатын. Жуырда баспадан сыршыл ақынның «Қыр гүлі» атты жаңа өлеңдер жинағы басылып шығып, жыр сүйер оқырманмен қауышты. Кітапта өмір сырлары, махаббат лирикасы, адами асқақ сезім хақында баяндалған. Автор адамзат баласына тән қарапайым сезім құбылыстарын толғанысқа толы жыр шумақтары арқылы суреттейді. Сырдың желі, қырдың гүлі, сайын дала секілді тіршіліктің сан алуан сәттерінен өрілген өлең жолдары айналасындағы жандарға ізгілік пен махаббат сыйлайды.
Қыр гүлімін!
Сайын дала,
Сақтан қалған үңгірімін.
Алай-түлей үстімнен ел көшкенде,
Ақ пен қара айқасып шендескенде,
Тарихтың талай-талай сырын бүккен,
Түркінің түп тамыры туын тіккен,
Орта Азия құрлығымын!
Нәзік болмысымен тарихтың тылсым сырымен үндесіп, зар заманнан да сыр шерткен ақынның мұңлы жан дүниесінің ішкі дауысы өлең болып өмірге келген. Ақын рух биігінде көшпенді елдің бейнесін де сәтті суреттей білген.
Қыр гүлімін!
Бейопа дүниенің бұлдырымын.
Сонау жыл..
Қаратаудан көшкен жұрттың,
Соңындағы ілескен мұңлығымын.
Қайран сол..
Қарашаның зарын кешкен,
Қабырғасы арса-арса,
Қара домбыраның күмбірімін..
Ақынға шабыт келмесе өндіріп өлең де жаза алмайды. Өлең өлкесіне сапар шегу үшін ең керегі шабыт пен құштарлық. Ғазиза ақын шабыт құшағындағы сәтін де осы бір өлең иірімдерінде әсем өрнектеген.
Шырт ұйқыдан оянып түн ауғанда,
Шабыт буған ақында шыдам бар ма?
Серенада жазсам ба Шәмшідейін,
Сейілдеп еріп кетіп сығандарға.
Ұшқыр қиял ұштасып ұлы арманға,
Шыңға біткен биіктеу шынардан да.
Өзгеше күй кешемін кейде осылай,
Өріліп өлең шіркін құралғанда.
Өнер жолы ауыр жол. Әсіресе әйелге тән тауқыметті көтеретін нәзікжандының бойында өжеттік болмаса, халқының мұң-зарын, қоғамның беймаза сәттерін қалт жібермей, қағазға түсіріп, ұйқасы шымыр, ойы жинақы көркем дүниені өмірге әкелу кез келген ақынға бұйырмайтын бақ.
Өмірімде көп менің сұрау белгі,
Оған да үйренгенмін шыдауды енді.
Тайсалмай талай рет асып өткем,
Сұрау белгі секілді мынау белді.
Келгенде көңіліме көктем міне,
Ойға аламын сағынып өткенді де.
Осылай нұрға бөлеп өмірімді,
Нүктені айналдырам леп белгіге!, – деп өзі жырлағандай Сыр бойының сыршыл ақыны Ғазиза Әбілданың шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз!
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!