Сенбі, 14 наурыз, 01:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№19 (2231)
14.03.2026
PDF мұрағаты

Жыр  алыбы жетпіске келді

14.03.2026

26 0

«Өнер» орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, жырау Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойына арналған

«Жыр керуен» атты шығармашылық кеш өтті.

Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, жазушы, тарихшы-этног­раф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақын­дары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Алмасбек Нұрмаханұлы­ның үзеңгілес әріптестері мен еліміз­ге белгілі шәкірттері, жауапты сала басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы мерейтой иесі­нің төл өнерді өркендетуге қосқан үлесін атап өтіп, барша Сыр жұрт­шылығының атынан сый-құрмет көрсетіп, автокөлік кілтін тарту етті.

Сондай-ақ кеште Жанарбек Әшім­жан өнер қайраткеріне Мәжіліс тө­рағасы Ерлан Қошановтың құттық­тауын табыстады.

– Сыр өңірі – талай марғасқа жы­рау­лар мен тума таланттарды өмір­ге әкелген, жыраулық өнердің түп қазығы, алтын көмбесі, алып тайқазаны саналатын құтты мекен. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қызылордада өткен Ұлт­тық құрылтайдың бесінші қорытын­ды отырысында «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жат­қан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі, – деп атап өткен болатын.

Сыр бойындағы жыраулық өнердің көрнекті өкілі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, зерттеуші-ғалым, «Парасат», үшінші дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Қызылорда об­лысының құрметті азаматы Алмасбек Нұрмаханұлы Алматов мерейлі 70 жас­қа толды.

Алмасбек Нұрмаханұлы – дәуір көшінде дара із қалдырған жыр алып­тарының мұрагері, Сыр өңіріне ғана тән жыраулық дәстүрдің сабақтас­тығына айрықша еңбек сіңірген өнер қайраткері. Ағамыз жастайынан қо­лы­на домбыра алып «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сияқты елге кең тараған дастандарды жырлап, «жас жыршы» атанды. «Сыр сұлуы» ансамблі құрамынан басталған шығармашылық жолы белгілі жырау, ұлағатты ұстаз, өнер зерттеушісі, ғалым, қоғам қайраткері ретінде биік белестерге шығарды. Егемендік алған жылдар ішінде ұлттық өнердің бұл түріне ерекше көзқарас қалыптасып, ата-бабаларымыздың асыл қазынасы жарқырай түсті. Алдағы уа­қытта да ұлттық өнеріміздің шамшырағы болып, келер ұрпаққа рухани мұра сыйлай беріңіз», – деді облыс әкімі.

Өнер кешінде айтыскер ақын Мұхтар Ниязов мерейтой иесіне арнау айтып, жыраудың тұлға­лық бейнесін айшықтай түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­керлері Елмұра Жаңабергенова, Айгүл Елшібаева және басқа да ақын-жыршылар жырдың кәусар бұлағымен сусындатты. Жыраудың өзі «Жыр бастауын» орындағанда, төкпе жырдың төресі терме екенін дүйім ел жүрекпен сезініп, дүркірей қол соқты.

«Жыраулық өнердің діңгегі – тарих, жад, ұлттық код. Оны жаңғыр­тудың жалғыз жолы жыр-мұралар мен мақамдарды жазып алып, кейінге жеткізу еді. Мен осыны түсінгенде Сыр бойында дәуір дастандарын дестесіне тоқыған шын жыраулардың қатары сиреген еді. Жаныма жігіттерді ертіп, үлкен сапарға аттандым. Жыраулардың бірі қойшы, бірі малшы, бірі диқан, бәрі дерлік қара жұмысқа жегілген. Көбі шау тартқан. Баяғы сал-серілердей ерке өмір көзден бұл-бұл ұшқан. Тіпті кейбірінің кетпен-күрек жеп қойған қолы домбыра ұстауға келмей қалыпты. Хал-қадірімізше іздеп тауып, таспаға жаздық. Демек келесі буынды санатқа қосудың дара жолы өрелі өнерді жеке дара мамандыққа айналдыру деген ойға келдім де, бейнетті жолға түстім. Ақыры қайырымен болды», – депті ағамыз бір сұхбатында.

Өзі айтқандай, тыңнан түрен салған Алмасбек Алматов Сыр бойын­да мақам-саз ерекшеліктеріне қарай жыраулық мектептердің қалып­тасуына, атадан балаға мирас болған төл өнерімізді жаңа дәуірге жеткізуге ерен еңбек сіңірді. Дәстүрлі жыр орындаушыларды маман етіп даярлап, жүздеген шәкірт тәрбиелеп, өнер аламанына қосты. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да шет мемлекеттерде ұлт өнерін дәріптеп, қазақ елінің мерейін асқақтатты. Алмасбек Алматов – жырау ғана емес, ұйымдастырушы, ұстаз, ғылыми жүйелеуші. Ол жыраулық өнерді сахнада ғана емес, оқу аудиториясын­да да орнықтырып, жүйелі мектеп қа­лыптастырды. Оның шәкірттері бү­гінде еліміздің әр өңірінде еңбек етіп, дәстүрдің жалғастығына қызмет етіп жүр. Бұл – ұстаз еңбегінің нақты нәтижесі.

Мерейтойдың кәделі жаңалығы – аймақ басшысы Нұрлыбек Машбек­ұлы жыраудың шәкірттері, Түркия мемлекетінің Анкара музыка және бейнелеу өнері университеті «Дәс­түрлі өнер» мамандығының док­торанты Малика Алдамжароваға, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлт­тық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторант­тары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.

Айтулы шараны кеш иесі Алмасбек Алматов ағамыз бір қайыру жырмен түйіндеп, облыс әкіміне, қалың жұрт­шылыққа, шәкірттеріне алғысын айтты.

Айта кету керек, Алмасбек Алматовтың 70 жас мерейтойы ая­сында Қорқыт ата атындағы уни­вер­ситеттің Студенттер сарайында V том­дық таңдамалы шығармаларының тұсаукесер рәсімі, Қармақшы ау­да­нында «Асыл жырдың Алмасы» ат­ты республикалық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: