Бейсенбі, 21 қараша, 19:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Жыр жампоздарының  шаңырағы                                              

13.04.2024

1068 0

Ғасырлардан бергі үзілмес тіннен үн тартып, жасаулы жыр көшін бүгінге жеткізген Сыр елінің жыр елі деп аталуы киелі өнер мекені екенінің дәлелі.  Дәстүрлі өнердің қара қазаны қайнаған 100 шайыр шыққан сұлу Сырдың бойында, оның бас қаласы Қызылордада «Руханият» жылы аясында облыстық филармония жанынан Жыраулар үйі ашылды. Бұл тарих сахнасындағы айшықты күн болғаны рас.

Жыр күмбездеген Сыр еліндегі  Жыраулар үйінің ашылуы иісі қазақтың баға жетпес рухани байлыққа құрметі деп білдік.

Өнер ордасындағы бір ерекшелік ғимаратқа кіргеннен панорамалық Қорқыт ата композициясы өзінің бай мазмұнымен баурап алады.  Компо­зицияда түркі халықтарының ортақ ұлы ойшылы, жырау, күй атасы – Қорқыт бабамыздың бейнесі және Жанкент, Сауран, Шірік-рабат сынды көне қалалар суреттелген. Ең кереметі, жыраулар үйінен толық мәлімет алу үшін мұнда Инфокиоск – ақпараттандыру құрылғысы орнатылған. Оған жыраулар үйіне қатысты барлық мәлімет енгізілген. Кіреберістегі үлкен дәлізде ұлы ойшыл Қорқыт ата, ақын-философ Асан қайғы, әйгілі Бұқар жырау, жыраулық өнер зерттеушілері Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Рахманқұл Бердібаев және Мардан Байділдаев, әнші, жырау-композитор Ешнияз сал, Базар жырау, Рахмет Мәзқожаев, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов, жырау Жәмет Сайымұлы, Жаңаберген Бітімбайұлы, Тұрымбет Салқынбайұлының суреттері ілінген.

Жыраулар үйінің директоры  Амандық Бүрлібаевтың айтуынша, ғимаратта конференция және көрермен залы бар. Оның сахнасы ұлттық на­қышпен көмкерілген. Жартылай киіз үй тәрізді құрылғының төбесін шаңы­рақ түйістіреді. Бұл концерттік зал телевизиялық студия үлгісінде.

Экспозициялық музей залына Қорқыт баба мұрагерлері Нышан, Нұрғали сынды бақсылардың қобы­зының суреті мен Сыр өңіріндегі жыраулық үш мектеп өкілдері Нұртуған, Жиенбай, Нартайдың суреті, олар тұтынған заттар мен жеткен жетістігі жазылған. Түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің көрінісі де көрме төрінен орын алған. Бұдан бөлек, өңірдегі жыраулық өнерді насихаттауда қолданылған аспаптар мен заттар, киімдер бар. Музей төрінен орын алған «Қорқыт сазы» композициясының биіктігі – 1,5 метр. Авторы – «Дәстүр қол­өнер» орталығының мүшесі, ағаш шебері Пахраддин Садықов.

– Қасиетті қарашаңырақтың ашылуы­на облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ерекше қолдау көрсетсе, Өнер орта­лығының директоры Талғат Мақаш бұл бағыттағы жұмыстың жандануына бар күшін салуда. Болашақта өнер орда­сында мәдениет пен өнерге қатыс­ты келелі мәселелер талқыланып, жас өнерпаздарды тәрбиелейтін шебер­лік мектебі қалыптасады деп ойлай­мын. Алғашқы шеберлік дәрісін                                                                       Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, профессор, «Парасат» орде­нінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті аза­маты, жырау Алмас Алматов өткізді. Жиынға Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Мира Қазбекова қатысып, Сыр бойындағы жыраулық өнерді келер ұрпаққа аманаттау, насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқ­талды.

Басқосуда Сыр бойындағы жырау­лық дәстүрдің бүгіні мен өзекті мәсе­лелері талқыланды.  Жыршы-жырау­лардың ғылыми бағытын айқындаудағы келелі ойлар, жыраулық өнерге қатысты пікірлерді ортаға салды. Игі шара­ға өңіріміздегі жыршы-жыраулар, Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің «Дәстүрлі өнер» институты мен Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжі, М.Қалауов атындағы өнер мектебінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Аудандардан кел­ген жас жыраулардың өнерін тамашаладық.  Алыс ауылдардың өзінде бүгінде жыраулық дәстүрді меңгеріп, алыс, жақын шетелдерде өнер көрсетіп, жеңімпаз атанып жүрген жастар кө­бейгенін  мақтан етеміз. Болашақта өнер­паздарды қолдайтын шараларды көптеп өткізуді жоспарлап отырмыз.   Дүниежүзілік фестивальдерге қатысып, дүбірлі додаларда топ жаратын  дүлдүл жыраулар  дайындауға білек сыбанып кірісеміз деп ойлаймын, – дейді  Жыраулар үйінің басшысы.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ,

              

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: