Тарих тағылымымен үндескен, өткен мен бүгінгі ұрпақ сабақтастығының алтын көпіріне айналған айтулы мерекелердің бірі – Қызылорданың астана мәртебесін алғанына 100 жыл толуы. Сонымен қатар биыл қазақ атауының қайта оралғанына да бір ғасыр толып отыр.
Сыр өңірі елдің рухани өзегіне айналып, ұлт бірлігі мен тұтастығының үлгісіндей көрінеді. Бұл – тек өңірдің ғана емес, барша қазақ халқының ортақ қуанышы.
Айтулы шара аясында өңірде түрлі мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Тарихтың таңбасы, рухтың ордасы – Қызылордам» атты облыстық өнер байқауы. Байқау Қызылорда қаласы мен 7 ауданның өнерпаздары қатысуда.
Мерекелік іс-шара шымылдығын Жаңақорған ауданы ашса, рухани шашуын жырмен төккен Жалағаш ауданының өнерпаздары әрі қарай өнер көрігін қыздырды. Қаланың қақ ортасындағы орталық алаңда өткен бұл мәдени кеш ерекше әсер қалдырды. Алаң төрінен орын алған Жалағаш қолөнершілерінің көрмесі де көпшіліктің көңілінен шықты. Кештің сәнін келтірген мың бұралған бишілердің орындауындағы ұлттық би мен сахнаға шыққан жыршылар көрермен ықыласына бөленді.
– Бұл мәдени шара ауыл-аймақ таланттарының үлкен сахнада өнер көрсетуіне мүмкіндік берді. Бүгінгі кеш – талантты өнерпаздардың жарқырай көрінген күні. Мұндай бастама – тарих қойнауында мәңгілік сақталатын құнды дүние, – деді Қызылорда облысының мәдениет, архивтер басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов.
Расында, Жалағаш ауданы өнерпаздарының өнері көрерменнің көңілінен шықты. Қаланың көркін келтірген жаңа ғимараттар мен аймақтың жаңғыруы жайлы жырлар жүрекке жол тапты. Сахна төрінде әжелер ансамблі мен жастар бір толқында өнер көрсетіп, ұрпақ сабақтастығын айқын аңғартты. Жалағаш театрының жалынды жастары сахналық қойылым ұсынып, өнер кешіне серпін берді.
– Мәдени шара жоғарғы деңгейде өтуде. Аудандар арасындағы өзара бәсеке күндестікпен емес, ізгілікпен аталып өтуде. Бір-бірімен жақсылықпен озып, ұрпақ сабақтастығына үн қосқан тағылымды шара өтіп жатыр. Бұл байқау – аудандар арасындағы берік байланыстың ізгі көрінісі екеніне тағы бір дәлел, – дейді алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов.
Өткен мен бүгінді жалғаған өнер кеші Сыр елінің руханияты мен мәдени әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ел ішінен келген таланттар елдің ықыласына бөленді.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!