Қызылорда қаласының 206 жылдығына орай өткізілген «Ғалам мен қалам» поэтикалық сайысында республикаға танымал жас ақындар бақ сынасты. Тартысты жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген 9 жас ақын қатысып, Сырдың бас қаласының мерейтойына жырдан шашу шашты. Қала тұрғындарына ғажайып көңіл-күй сыйлаған мәдени шараға қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев қатысып, ақындарға сәттілік тілеп, қызылордалықтарды мерейлі мерекемен құттықтады. – Сырдария жағасындағы шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні тарихта алтын әріптермен тасқа басылған. Көшесінде жүріп сағынатын ғажап қаланың жылнамасын жырмен жазып жүрген сіздердің орындарыңыз бір төбе, – деді қала әкімінің орынбасары шығармашылық өкілдеріне құрмет білдіріп. Қызылорда қаласында алғаш өткізіліп отырған жарысқа қатысқан ақындардың әрбірінің шығармашылық ортадағы орны бөлек. Поэтикалық дуэльдің бірінші кезеңінде ақындар Қызылорда қаласы туралы жазған жырларын оқыса, екінші айналымға өткен 8 ақын өзара жұптасып сарындас, үндес өлеңдерімен шын мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысымен қызылордалық Аружан Оралбай Сыр елінде алғаш рет өткізілген поэтикалық дуэль жобасының жеңімпазы атанып, 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Жүректеріне шабыт ұялаған өзге де ақындар өлең өлкесіндегі өрнекті өлеңдерін оқып, елдің қошеметіне бөленіп, 50 мың теңге ақшалай сыйлық және қала әкімінің алғыс хатын иеленіп, құрмет төріне шықты. Сонымен қатар, қаламыздың мәдени-рухани өміріне, бас шаһардың өркендеуіне белсенді үлес қосып жүрген бір топ зиялы қауым өкілдері марапат биігіне көтерілді. Олардың қатарында Сайлаубай Жұбатырұлы, Қатира Жәленова, Қазына Өзденбаева, Тілеген Бекарыстанов, Оңталап Базаралиев, ГауҺар Қожахметова, Айнагүл Әбуова, Нұрлан Көбегенұлы, Аружан Оралбай бар. Тағылымды шара аясында биыл 80 жасқа толған балалар ақыны, педагогика ғылымдарының докторы Рахат Наурызбаеваға арнайы құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасалды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!