Жақында екі мәрте ана атанған Баян Мақсатқызы екі қызының қалай дүниеге келгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Продюсер блогер Айсәуле Бақытбекке сұхбат беріп, 50 жасында ана болу бақытына қалай қол жеткізгенін жасырмады.
“Сегіз жыл бұрын сүйікті адамыма тұрмысқа шыққаннан кейін балалы болуды қаладым. Соңғы бес жылда үнемі ойлап жүрдім. Одан кейін денсаулығымды жақсартуға уақыт кетті. Көп ота жасалып, физикалық тұрғыда шаршап қалдым. Тұрмыс құрған алғаш кезеңде ол туралы ойламадым. Бір күні Тұрсен екеуміз балаға қатысты тақырыпты талқыладық. Ол: «Онсыз да сенің денсаулығың көп сынақтан өтті, саған қиын болғанын қаламаймын» деді. Бір жағынан жас ерекшелігімді де еске салды. Ол кезде менің жасым 45-те еді. Тұрсен маған бірден: «Баланы өзің көтергеніңді қаламаймын» деді. Қазір заман дамыған. Басқа да жолдары бар. Осы жаста бұл нәрсені басқа жолмен жасауға болады» деді. Содан балалы болу жолында түрлі қадамды іздедік, – деп бастады әңгімесін Баян Мақсатқызы.
Арада көп уақыт өтпей продюсер ЭҚҰ дәрігері Салтанат Байқошқарованың алдына барғанын айтты.
“ТВ-да істеп жүргенімде бірнеше рет Салтанат Берденқызымен сұхбаттасқанмын. Бір күні соған хабарластым. Ол кісіге жоспарымызды айтып, бәрін кеңсесінде талқыладық. Мен өте көп анализ тапсырдым. Үш ай бойы менің денсаулығымды бақылады. Қорытындысы өте жақсы шықты. Маған табиғи жолмен бала көтере алатынымды айтты. Бірақ мен қарсы болдым. Себебі табиғи жолмен ана болуға дайын болмадым. Суррогат ананың көмегіне жүгінуді ұсынды. Оған қатысты да бірнеше ақпаратты түсіндірді. Біз келісіп, енді сол бағытта жұмыс істей бастадық. Тұрсеннің биоматериалын сақтап қойдық. Төрт жыл бұрын алғашқы қадам сәтсіз болды. Ұрықты орналастырғаннан кейін екі апта өткен соң дамымай қалып, түсік тастады. Тұрсен “Онда тұрған ештеңе жоқ, демек уақыты әлі келмеді” деді. “Тағы бір рет талпынып көрейік” деген ой айтты. Сәтсіз оқиғаға екі жылдан кейін тағы тап болдық. Ол кезде де ұрық дамымай қалып, түсік тастады. Бізге орталық мамандары хабарласып, жағдайды айтып берді. Ұл бала дамып келе жатыр еді. Тұрсен де екі рет сәтсіз болса да, күлімдеп “Тағы да көрейік” деді. Сол кісінің қолдауымен екі қыздың ата-анасы атандық – деді танымал продюсер.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!