Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сазгер Садық Қынат әнші Айқын Төлепбергенді сотқа бермек

29.09.2024

688 0

Сурет:ашық дереккөз

Отандық шоу-бизнесте дау шықты. Тыңдарманға «Отыздан асып барамын» әні арқылы танылған сазгер Садық Қынат бүгінде аталмыш хитті орындап жүрген Айқын Төлепбергенмен сот залында кездесуді көздеп отыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы 

Сұқтанып тұрып жанарың,

Сұрыма неге қарадың?

Солай да, солай қарадың,

Отыздан асып барамын…

Осы өлең жолдарына жазылған әуезді әуен тойларда шырқалып жүр. Шымкенттік әуесқой сазгер Садық Қынат «Отыздан асып барамын» әнін 1993 жылы жарыққа шығарғанын айтады.

«Осыдан отыз жыл бұрын «Жигулимен» үйге қарай келе жатқан кезде әуелі әуен келді. Сөзін үйге барған соң қарармын деп ойладым. Өйткені үйде Мұқағали Мақатаевтың бірнеше кітабы бар еді. Нота білмегендіктен әуенін ыңылдап, Шымкенттен ауылға дейін айтып бардым. Арасы 90 шақырым. Кейін Мұқағалидың кітабын ақтарып отырып, «Отыздан асып барамын» деген өлең жолдарына көзім түсті. Осылайша әуені мен өлең қабыса кетті. Ол кезде мен 40 жаста едім. Өз ортамда, кішігірім отырыстарда бұл әнді «Қырықтан асып барамын» деп айтып жүретінмін. Кейін Айғожа деген әнші жігіт менен рұқсат сұрады, тойларда орындап шықты. Одан кейін ауылда Нұрлан Еспанов орындап жүрді. Ол кезде Нұрлан Еспанов танымал емес еді. Күндердің күнінде базардағы дүңгіршектерде дәл осы «Отыздан асып барамын» әні шырқала бастады. Тіпті кассеталарға жазылып, сатыла бастапты. Сатушы жігіттен бұл әннің авторы кім екенін әдейі сұрадым, ол бейхабар екенін айтты. Сөйтіп «Отыздан асып барамын» әнім хит боп кетті», – дейді сазгер Садық Қынат.

Композитордың айтуынша, ол өзі шығарған әннен автор ретінде бір тиын табыс таппаған. Қазіргі таңда «Отыздан асып барамын» әнін эстрада жұлдызы Айқын Төлепберген еш рұқсатсыз репертуарына қосып алған көрінеді. Қос тарап өзара келісімге келе алмаған соң, сазгер әншіні сотқа берген екен.

«Мұқағалидың «Отыздан асып барамын» деген өлеңіне семейлік Тұрсынғазы Рахимов деген композитор де дәстүрлі әннің стилінде әуен шығарған екен. Ол кісі қазір марқұм боп кеткен. «Сол Тұрсынғазы Рахимовтың отбасынан бұл әнді орындауға рұқсат сұрағанмын» дейді Айқын. Содан кейін мен Тұрсынғазы ағаның Фатима есімді жұбайына хабарластым. Ол кісі Тұрсынғазы ағаның шығармашылығына жауапты мұрагері екен. Сол кезде сол Фатима апай: «Садық інім, менің күйеуімнің әні – дәстүрлі ән, сенікі – эстрада бағытында. Біздің әуеннің сенің әуеніңе қатысы жоқ, маған Айқын келген жоқ» деді. Менде сол Фарида апайдың аудио жазбасы бар. Бірақ Айқын мойындамай жүр, тіл табыса алмай жүрмін. Клип түсірді. Карантин кезінде Айқынмен бір рет соттасқанмын, бірақ ол мойындаған жоқ. Мен енді Айқынды тағы сотқа беремін. Барлық құжаттарымды дайындап қойдым. Тұрсынғазы Рахимов пен менің әуенімнің дискісін музыкалық сараптамаға бердік. Екеуі екі бөлек ән екенін жазып берді, дәделденді», – дейді композитор.

Айқын Төлепберген осы тақырыпқа қатысты өз пікірін білдірді.

«Біріншіден, ол кісі менімен соттаспауы керек. Авторлық қоғамда әнді кім жазды, кімнің аты-жөні тұр, сол – автор. Біз авторлық қоғамға сұраныс хат жолдаған кезде, бізге басқа автордың аты-жөнін берді. Ол кісінің қателігі – менімен соттасқанында… Заң тұрғысында менікі дұрыс. Ол кісі маған шықты да, «Сен менің әнімді орындап жүрсің, ақша бер» деп бірден ақша сұрай бастады. 10 млн теңге сұрады. Бұл әннің авторы ретінде авторлық қоғамда басқа кісінің аты-жөні жазылғанын айттым. Ол мені сотқа берді, сотта ұтылды. Енді ол кісіге менімен соттасудың қажеті жоқ. Ол авторлық қоғамға барып дәлелдеу керек. Мәселен, 90-жылдары жарыққа шықса, сол кездегі нотаға түсірген қағазы, видеосы немесе аудио жазбасы болу керек. «Мен жаздым, нотасы осы» деп мен де барып айта аламын. Сондықтан бұл әннің авторы екенін дәлелдесін. Егер авторлық қоғам «Отыздан асып барамын» әнінің авторы Садық Қынат екенін растаса, сол кезде ол кісіге қаражат түседі. Яғни бұл ән телевизияда, радиода орындалса, сол кезде ғана ақшасын ала алады. Менің пікірім осы», – дейді Айқын Төлепберген.

Осылайша әнші мен сазгер арасындағы ашық айқасқа нүкте қойылар түрі жоқ. Алдағы уақытта қос тарап тағы бір мәрте сот залында кездесуі бек мүмкін. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: