Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде елге есімі белгілі сазгер, ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, республикалық композиторлар байқауының лауреаты Сәкен Шынымовтың «Сазды әуен жүректерді тербеген» атты шығармашылық кеші өтті.
Шығармашылық кеш сазгердің студент кезінде ақын Нұрлыбек Сафинмен бірге шығарған «Назерке» әнімен бастау алды. Бұл ән облыстық байқауда бірінші орын иеленіп, бүгінде үлкен сахналарда шырқалып жүр. Сонымен қатар лэд экран арқылы сазгердің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаян көрсетілді.
Салтанатты жиында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыппар Тәжмаханов қала әкімінің және облыстық мәдениет архивтер құжаттамасы басқармасынының арнайы құттықтауын табыстап, шығармашылығына сәттілік тіледі.
Сәкен Шынымов білім мен өнерді ұштастырып, бала жанрның бағбаны бола білген ұстаз, сазгер. Ол балаларды ән өнеріне баулып, үлкен сахнаға алып шығуда, – деді Жағыппар Тәжмаханов.
Есімі елге танылған ұстаз, сазгер Сәкен Шынымов облыстағы балалар шығармашылығына арналған «Таңшолпан», «Бозторғай», «Бал-бала» сынды байқауларға әндер жазып, өскелең ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып жүр. Бүгінде балаларға арнап ән шығарған сазгердің шығармашылық жолында жүргеніне 30жыл болған.
Қазіргі таңда 100-ге жуық әнім бар. Оның 40-қа жуығы балаларға арналған. Жалпы балаларға ән жазу үшін – балаша қуанып, сезініп, жылай білу керек. Сонда ғана балаларға ән шығады. Бұрын балаларға арналған әндер аз болса, бүгінде балалар әндерінің қоржынын көбейтудеміз, – дейді Сәкен Шынымов.
Жақында 8 сынып оқуышысы Балғынбай Исламбек республикалық байқауға қатысып, Сәкен Шынымовтың «Ұстазым» әнін орындап І орын алса, балабақша бүлдіршіні Айым Қайырбек «Бабалар аманаты» атты республикалық байқауда бірінші орын иеленген.
Танымал сазгердің репертуарындағы әндері бүгінде республикалық және облыстық байқауларда алдыңғы шепте тұр. Сондай-ақ балалардың шығармашылығынан бөлек сазгердің әнін танымал эстрада әншісі Сәкен Майғазиев, Гүлнұр Оразымбетова және Серік Ибрагимов те шырқап жүр.
Нәзира МҰҚАТАЕВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!