Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Сорлы бала болдым ғой – актер Еркебұлан Тоқтар

17.01.2024

696 0

Сурет: kaz.nur.kz

Танымал қазақстандық актер Еркебұлан Тоқтар құмар ойынға тәуелді болған кезін еске алды. Өнер иесі Instagram парақшасында зиянды әдеттен қалай арылғанын да жасырмай баяндап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

«Осыдан 3 жыл бұрын өмірімде құлдырау болды. Ол қалай? Бәрі спорттық ойынға бәс тігуден басталды. Жарты жыл бойы ұттым. Керек шығыныма, жолыма төлейтін ақшамды тауып жүрдім. Бірақ бірте-бірте «қадала» бастадым. Еңбекпен тапқан ақшамды тауысып, несиеге кіре бастадым. Банк несие бермейтін болғасын, ақырындап микрокредиттік ұйымдарға бас сұқтым. Кім береді, солардың бәрінен қарыз алдым. Әлі есімде, соңғы рет микрокредиттік ұйымнан 60 мың теңге несие алдым. Сол ақшаны 20 мың теңгеден үш рет бәске салып, ұтылып қалдым. Жолтоқсан айы еді. Төрт күннен кейін анамның туған күні, сыйлық беруге бір тиын ақшам жоқ. «Бір сорлы бала болдым ғой. Бір тиын ақша жоқ. Қандай адаммын мен? Әке-шешеме ел қатарлы сыйлық бере алмадым, інілеріме дені дұрыс аға да болып жарытпадым» деп өзімді қатты жек көрдім. Содан өзімді қолға алам деп шештім. Спортты қолға аламын, залға жазыламын деп ойладым», – деді Еркебұлан Тоқтар. Сонымен қатар өнер иесі қарыздарынан қалай құтылғанын да жасырмай айтып берді. «Жаттығу залына баруға да ақша керек. Сол үшін тегін зал іздедім. Досым «Кел, тегін дайындал» деді. Бірақ оған баруға да жолға ақша керек. Менде қоғамдық көлікке төлейтін де ақша жоқ. Айдын Жұмахан деген әнші досымның көлігімен барып жүрдім. Інім ағылшын тілін жетік біледі. Сосын досым екеуіміз інімнен ағылшын үйрендік. Спортта әжептеуір жетістікке жете бастадым. Үш айдан кейін медиа-боксқа қатысу туралы ұсыныс түсті. Бір украиналық боксшыны жеңіп, содан мені үлкен ағалар байқап, бірге жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Келісімшарт жасаса бастадық. Солай мен бұрынғы қарыздарымды жауып, қалыпты өмірге қайта оралдым. Бұл видеомен айтқым келгені, қандай қиындыққа тап болсаңдар да, еңбек пен әрекет керек. Құлдырауда жүрсең де, берілме! Біліміңді шыңдап, тығырықтан шығудың жолын қарастыру керек. Ол құлдырауға қайта оралмайтындай болыңдар», – деді актер.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: