Сенбі, 15 ақпан, 23:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№12,2125
15.02.2025
PDF мұрағаты

Сыр елінде «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық ақындар айтысы басталды

15.02.2025

32 0

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Сыр елінде Қызылорда және Алматы облысы ақындарының «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық командалық айтысы басталды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, ақындар, зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты.

Жыр додасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай жүргізді. Командалық айтыста елімізге белгілі 20 ақын сөз сайыстырады.Ашылу рәсімінде аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн», – деген болатын. Өнер мен мәдениетке, оның өкілдеріне қандай қолдау, қошемет жасасақ та жарасады. Осы ретте аймақтағы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдеріне «Тұран», журналист-қаламгерлерге «Жебе» арнайы сыйлығын табыстадық. Өткен жылы салынған көпқабатты жаңа тұрғын үйден мәдениет, өнер өкілдеріне алғаш рет 40 қызметтік пәтер берілді. Сыр бойындағы айтыс өнерінің ізбасарларының да жеңісті, жемісті сәттері көп болды. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың ізін жалғаған талантты ақын Мейірбек Сұлтанхан кезекті «Алтын домбыраны» жұртшылыққа тарту етті. Бұл өткен жылдың айтулы мәдени жаңалығына, Сыр руханиятының қуанышына айналды. Жаңа жыл басталысымен жерлесіміз, жас талант Бексұлтан Орынбасаров «Күміс домбыра» иеленді. Бүгінгі сөз додасына келген жүйріктерге ел рухын асқақтатудағы елеулі еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Халықты сөз құдыретімен демеп, ізгілікке үндеген өнердегі шын жүйріктердің келесі кезеңге өтіп, ақтық сынға жолдама алып, жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспін! «Өнер алды – қызыл тіл» дегендей, сөз сыйлаған тыңдарманға келелі ой айтып, тағылымды сайыс жасаңыздар! Баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді аймақ басшысы.

Аламан айтысқа ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы, қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерман, дәстүрлі әнші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, ақын, Қазақстанның Құрметті журналисі Серік Құсанбаев, ақын, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, Мәдениет саласының үздігі Мырзабек Құдайберлі, күйші, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы, жыршы, термеші, ұстаз, Мәдениет қайраткері Ерболат Шалдыбеков қазылық етеді.

Сыр елінде «Адал еңбек – ел ырысы» атты республикалық ақындар айтысы басталды

Айта кетейік, былтыр аймақта «Руханият жылы» жарияланып, атаулы жылда игілікті істер мен жаңа жобалар жүзеге асты. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» және «Өнер орталығы» пайдалануға беріліп, жаңадан симфония оркестрі, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Барлық ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, іске қосылуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты мамыр айында пайдалануға беріледі. Облыстың мәдениет мекемелерінің 25 қызметкері Италия, Белорусь елдерінде біліктілік арттырды. Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының Өнер күндері жоғары деңгейде өтті. Бұл үрдіс биыл республикамыздың өзге өңірлерінде жалғасын табады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: