Жұма, 29 наурыз, 01:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жампоз жырау

27.08.2022

940 0

«Сыр елі – жыр елі» дегенде алдымен аузымызға Сыр сүлейлері түседі. Біз осы өлкенің перзенті болғасын жыраулар шығар­масын жастайымыздан жаттап жетілдік. Оның филиософиялық мән-маңызын түсі­ніп, тағылымын ойымызға түйдік.

Біз бүгін сөз еткелі отырған шайыр Базар жырау Оңдасұлы.  Жампоз жырау, даңқты ақын кез келген шығармасында ел мен жер тұтастығын жыр етіп, адамзат баласын асыл қасиеттерге үндейді. Жы­раудың қайсыбір шығармасын алып қа­расаңыз да түпкі ойы мен көтерген мә­селесі елдік тұрғыдан ұрпақ тәрбиелеу жағынан мән маңызы ерекше. Шайырдың шұғылалы шумақтарға құрылған әрбір өлеңі мен орындаған жыр-дастандары ға­сырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақ жадында жаңғырып келеді.

Шығармашылық ғұмыры ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы 10 жылдығына тура келетін Базар жыраудың жыр-толғаулары Сыр бойына ғана емес, күллі қазақ даласына кең тарағаны тарихтан белгілі. Жыраудың өзі:

«Көріспегелі көп болды,

Жүрмісің ерлер саламат», – деп жыр­лайды. Бұл шығармада ағайын ауызбіршілігі мен сыйластығы суреттеледі. Оның әрбір шығармасын оқи отырып, ақындық-жырау­лық орбитасының әуел бастан кең де кемел болғанына көз жеткіземіз.

Сәкен Сейфуллин: «Бұқар жырау­дан кейін­гі қазақтың ірі жырауы – Базар жырау», – десе, Мағжан Жұмабаев: «Асса ел­дің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бой­лаған», – деп Базар жыраудың ақын­дық қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сөз қаді­рін білетін саңлақ суреткерлеріміз­дің Базар жырау шығармаларын назарға алып, оң баға беруі жырау мұраларының айшықты екенін дәлелдейді.

Базардың жастық шағы жоқшылықта, жетімдікте өтеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпай жатып, байлардың қозысын бағады. Атақты жыраудың өзі бұл жайында былай дейді:

«Әуелі Базар атандым,

он алты деген жасымда

Бай Көкшенің асында», – деп жырлайды.

Базар жырау бәрінен бұрын дәстүршіл ақын. Есін білгелі ел аузындағы жыр-тер­мелерді, толғау-дастандарды жаттап өскен.

«Құлаштап дүние сені қармансам да,

Керімі келген шығар ер Қорқыттың», – дейді енді бірде. Жыраулардың жампозы Қорқыт есімін өлеңге арқау етуі бұл Сыр бойы өнерінің Қорқыт дәстүрінің жалғасы болуын меңзесе керек. Міне, сондықтан да жырау шығармалары өзінен бұрынғы әдебиетпен табиғи тамырлас.

Тарихтан тін тарқатсақ, өнер көшіне ұласқан дәуір тынысы жырау шығармашы­лығына арқау болған. Сөзімізге дәлелді шайыр толғауларынан келтірейік.

Оның шоқтығы биік шығарма­сының бірі – Үш жүздің басы қосылған Бекет бабаның асында Пішанның Төребайына айтқан көңілқосы еді. Жыраудың Төребайға көп алдында көңіл айтып, қайғы-шеріне ортақтас екенін білдіретін толғауы терең тебіреністен туған.

Онда жырау былай айтады:

«Сабырдан өзге шара жоқ,

Қайтыңыз, мырза, райдан.

Бұл секілді нәубеттің,

Ақырын сұра Құдайдан.

Жасаған жаппар кәр қылса,

Өрден аққан дария,

Сағасынан тынатын.

Жағдайсыз жерден оқ тисе,

Әркімдер естен танатын.

Көтермеске әл нешік,

Алланың салған санатын», – дейді. Бұл жырда қайғыға ұшыраған кісіні жұбату­мен қатар өнегелі өсиет, ізгі сезімдер де шендеседі.

Тағы бірде жырау өмір құбылыстарының күнгей жақтарымен бірге, көлеңкелі тұс­тарын да көркем ой, кестелі сөзбен шебер суреттейді.

Базар жырау «Қаражан болысқа» тол­ғауында:

– Баласы батыр Қабақ, молда Қисық,

Қолыңа қалам алып жазшы хатқа,

Себеппен азын-аулақ айтып толғау,

Жаздым сөз жақсыларға сынатпаққа, – дейді.

 Базар шығармашылығын Сыр бойының дәстүрлі өнер жиынтығындағы бірегей туынды деуге әбден болады.

Сыр өңірінің өнер өлкесінде Балқы Базар, Кете Жүсіп, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Алдашбай ахун, Шораяқтың Омары, Жиенбай Дүзбенбетұлы, Нұртуған Кенже­ғұл­ұлы секілді жыраулар сабақтас­тығы дәріпті жалғасын тауып келеді.

Сонымен қатар Нартай Бекежановтың ән мектебі де Сыр бойындағы дәстүр са­бақтастығын ілгері дамытып отыр. Манап Көкеновтің шығармашылық шыңы шар­тарапқа мәлім. Міне, мұның барлығы – Сыр өнерінің жарқын көрінісі.

Біз сөз етіп отырған Балқы Базар Оңдасұлының әр шығармасы өзінше тарих. Оның жазған жырларын оқи отырып, көз алдыңда көне дүние күмбірі көрініс табады. Жаныңа рух сыйлап, жадыңа жаңаша ой туғызады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: