Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 19:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Жампоз жырау Қуандық

08.11.2022

1207 0

Сыр сүлейлерінің жалғасы, Жиенбай жырау мектебінің жыршысы Қуандық Бүрлібаев – Сыр елінің жыраулық өнерін дүниежүзіне танытқан,  өнер иесі. Ал бұл сахналық киім  1990 жылы Жапон Астанасы Токио қаласында  өткен  дүниежүзілік этно-фольклорлық Эсасе Ойваке Мацури  фестиваліне қатысушы Қ.Бүрлібаевқа арнайы тігілген. Дарабоз жыршы Қ.Бүрлібаев  Жапон елінің атақты  «Оцейк» залында «Көріғұлы» дастанын жырлады. Бұл қазақ өнері тарихында Жапон елінде  тұңғыш рет  дәстүрлі-жыраулық өнерді  насихаттаудағы  алғашқы қадам болатын.  Осылайша  Қуандық Бүрлібаевтың  дауысы дүниежүзілік  өнердің алтын қорына жазылды.

Музей қорындағы сахналық киім бөрік­тен, бешпенттен және шалбардан тұрады. Киім қою қызыл  түсті. Бөркі қою қызыл масатыдан  тігіліп, айналасы құндыз терісімен көмкерілген.  Сонымен қатар бұл бас киім  төрт бөліктен құралып,  әрбір бөлігінде  алтын түсті жіптер мен  қошқар мүйізді  ою-өр­нектер басылған. Бешпенті  тік жағалы етіп  тігілген.  Кеуде тұсы  және екі жеңі алтын түсті өсімдік тәріздес ою-өрнектермен безендірілген.  Сонымен бірге, оң иығына  алтын түсті үш ша­шақ тігілген. Жырау деле­бесі қозып, жыр жырлағанда  домбыра ішектерін  шертіп отырған оң қолы қозғалған сайын  шашақ та бірге  қозғалып,  жыраудың шабытына  шабыт қосқан секілді. Ал шалбары шыт матадан екі балағына алтын түсті жіппен  зооморфты ою-өрнектер бастырылып тігілген.  Бұл сахналық киім  Жапон сахнасында  өнер көрсеткен Қ.Бүрлібаевтың  қазақы обра­зына  сән берді десек, артық айт­қандығымыз емес. Сол Жапон сапарынан жырау науқастанып келеді.  1990 жылы 54 жасында дүниеден озады. Дегенмен оның қазақтың дәстүрлі жырларын  әлемге паш ету жолында сіңірген еңбегі орасан зор. Ол ғасырлар түпкірінен  жеткен, бабалардан қалған мақамдарды бүгінгі ұр­паққа жеткізуші  жырау  екені даусыз. Бұл сахналық киім 1993 жылы музей қызметкерлерінің  арнайы іс-сапары барысында  Қармақшы ауданынан музей қызметкері Ұлман Әліпбаева Қалиқызы арқылы музей қоры­на өткізілген. Қазіргі таңда қор­да құнды экспонаттардың қа­тарында сақтаулы.

Гүлжанар Ибадуллақызы,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: