Бүгін Қазақ радиосының тікелей эфирінде алғаш рет 1 минуттық үнсіздік жариялап, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынды.
Сондай-ақ, әуе толқынынан әдеттегі ойын-сауық хабарларының орнына тақырыпқа сай хабарлар легі шықпақ. Бұл туралы «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
Қазақ радиосы эфирінен бүгін Президент пәрменімен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін құрылған мемлекеттік комиссия жұмысы жайлы және күні кеше жарыққа шыққан «Ашаршылық. Голод.1928-1934. Деректі хроника» жинағы туралы Арнайы хабар берілмек.
Айта кету керек, Елбасы Н. Назарбаев Жарлығымен 31- мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланған.
«Құрбан болғандарға бет сипап, құрмет көрсету бір бөлек, ашаршылыққа мемлекеттік тұрғыда баға беру аруақтар алдындағы ортақ аманатымыз. Бұл жайлы Мемлекет басшысының мақаласында жан-жақты жазылды.
Бір ғасыр бойы өмірдің өткелдерінен халықпен бірге өтіп келе жатқан Қазақ радиосы бұл күннің мән-мағынасын арттыруға ат салысады.
3 сағаттық таңғы тікелей эфир хабар да осы тақырыпқа арналмақ»,- деп жазды Дулат Абибуллаев.
31 мамыр ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай әуе толқынынан профессор Мәмбет Қойгелді, белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев бастаған ғалымдар мен мемлекеттік комиссия өкілдерінің сұхбаттары берілмек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!