Маңғыстау облысына қарасты Мұнайлы ауданында жас жігіт анасын әкесі ұрып тастағанын және жергілікті құзырлы орган мүлдем шара қолданбай жатқанын айтты. Амалы таусылған бозбала халықтан көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Instagrаm желісіндегі Abdulla_kz парақшасында маңғыстаулық азамат өзі басқа қалада жүргенінде әкесі анасын аяусыз ұрып тастағанын айтты.
«Әкем ішіп алып анамды түн ортасында қуалап сабап, мүгедек қылуға дейін апарған. Бала кезімде мені аямай ұрып, психологиялық соққы жасаған. Бала үшін анадан артық адам жоқ. Әкенің жақсылығы жездедей-ақ. Мұндай әкенің барынан жоғы. Бала күнімде анам екеуімізді кезек-кезегімен ұрып, төмпештейтін. Жасы елуге келсе де, анамды ұруын тоқтатар емес. Әкем лайықты жазасын алса екен. Полицияға тапсырғанымызбен екі сағаттан кейін, ешнәрсе болмаған сияқты босатып жібереді», – деп ағынан жарылды жігіт.
Видеокадрда ол Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынының полициясына арыз жазып жатқанын, алайда олардың адамды ұрып-соққаны үшін соттамайтынын айтып қынжылды.
«Адамды ұрып-соққанда жарақаты қаншалықты ауыр болады. Сол кезде ғана жазасы қатты болады. Ал жай ұрса, жазасы да жеңіл болады екен. Мені осылай деп шығарып салды. Мұнайлы ауданының соты ешқандай жұмыс істемейді», – деді ол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!