Мұндай да болады екен. Жеткен жеріміз осы болғаны ма?
Солтүстік Қазақстан Тайынша ауданы Чкалов ауылдық округінің бұрынғы әкімінің тәртіптік ісі оқиға болған уақыттан соң араға 5 ай салып қаралды. Экс-әкім Сәкен Сәдуақасов мас күйде рөлге отырғанын мойындады. Бұл туралы Tengrinews.kz порталы хабарлайды.
Сәкен Сәдуақасов биыл 27 қаңтар күні Көкшетауда мас күйде рөлде отырған жерінен ұсталған еді. Оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы үкім шыққанда шенеунік уақытша еңбекке жарамсыз екенін айтып, демалысқа шығып кетті. Мұнысын ол күйзелістің салдарынан омыртқасындағы сырқаты асқынып кетуімен түсіндірді.
Сондықтан ақпан айында басталған тәртіптік іс бес айдан кейін қаралды. Сәкен Сәдуақасов өзіне тағылған айыптың барлығымен келісетінін айтып, кінәсін мойындады.
“Иә, мен қатеге бой алдырдым. Бұл мені ақтамайды. Бұл жағдай Көкшетауда демалыс күні болды. Көлігімді тұрақтан әкетіп, аулаға қоюым керек еді. Сол кезде полиция кеп қалды. Мен бар болғаны он метрдей ғана жол жүрдім. Басқа жерге бару жоспарда жоқ еді. Бұған дейін көлікті әйелім жүргізген еді, кейін ол ата-анасына кетті. Мен өзімнің қатемді білемін, бірақ солай болып қалды”, – дейді экс-әкім.
Тәртіптік кеңеске қатысқан кеңес мүшелерінің пікірі екіге бөлінді. Олардың басым бөлігі әкімнің қызметінен босытылуна дауыс берді. Тек Чкалов орта мектебінің директоры шенеуніктің шынымен жақсы, іскер басшы, ауыл тұрғындарының алдында беделді екенін айтып, оған араша түсті. Алайда мектеп басшысының сөзін елеп, құлақ асқандар табылмады. Әдеп жөніндегі кеңес мәселе әкімнің жұмысында емес, қоғамда өзін-өзі ұстауында екенін айтты.
Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанова тәртіптік кеңестің ұсынысынан соң Сәкен Сәдуақасовтың бірден қызметінен босатылғанын мәлімдеді. Айтуынша, қазір ауыл әкімінің орны бос. Десе де, әкімдікке сайлау жарияланып қойған көрінеді. Әкім болуға үш адам үміткер екен. Қазір олардың кандидатуралары тексеріліп жатыр, жақында сайлау өтеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!