Сенбі, 16 қараша, 07:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№91-2101
16.11.2024
PDF мұрағаты

«Дикий Арман» құрған қылмыстық топты ҰҚК «басқарған», ал қаңтар оқиғасына дайындық 2021 жылдық жазында басталған – БАҚ

06.10.2022

644 0

«Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев құрған қылмыстық топты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері (ҰҚК) қадағалап жүрген. Ал қаңтар оқиғасына дайындық 2021 жылдың жазында басталған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап.

«Өткен аптада бұған дейін қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деп айыпталған криминалдық тұлға  Арман Жұмагелдиевке енді ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген айып тағылып отырғаны белгілі болды. Тергеушілердің дерегінше, «Дикий Арман» бес жылдан астам Қазақстанның қылмыстық әлеміндегі барлық процестерге жауапты болған және оған бұл үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің кураторлары көмектескен», – деп жазады Время, іс материалдарына сілтеп.

«Дикий Арман» ақпараттық кеңістікте бірнеше жыл бұрын пайда болып, әлеуметтік желілерде үлкен танымалдылыққа ие болғаны атап өтіледі. Мысалы үшін, тек Instagram парақшасының өзіне 340 мыңнан астам қолданушы жазылған.

«Жұмагелдиевтің бұрын сотталғанын, бірнеше жыл түрмеде отырғанын, алайда соңғы жылдары шетелде тұрып, қайырымдылықпен белсенді айналысқаны көпшілікке мәлім. Дәйек үшін, пандемия кезінде Қазақстанға дәрі-дәрмек жібергені жұрттың есінде. Арманның қатысы бар басқа да даулы оқиғалар жетерлік. Бір сөзбен айтқанда, «Дикий Арман» көпшіліктің назарында болғанды ұнататыны анық. Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде де кейіннен тәртіп сақшылары ұстаған қалалық мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен бірге сөз сөйлеген», – делінген ақпаратта.

Алғашында Жұмагелдиевке жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды және заңсыз қару алып жүрді деген айып тағылды – қамауға алу кезінде өзінен және жанындағы серіктерінен бірнеше тапанша табылды. Тергеу мәліметтері бойынша, бұл топ дүкендер мен мейрамханаларды тонауға қатысы бар бірнеше адамды ұрып-соққан, тіпті жәбірленушілердің бірі қайтыс болған.

«Енді, міне, тоғыз айға жуық уақыттан кейін тергеу Жұмагелдиев өз қызметін ұзақ уақыт бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бесінші бөлімінің бастығы Руслан Ысқақовтың бақылауында жүргізген деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, кімнің кімді өзінің негізгі мақсатына пайдаланғаны түсініксіз. Қылмыстық іс материалдарында былай делінген: Жұмагелдиев өз қызметін жүзеге асыру үшін билік тарапынан көмек пен қолдау қажет екенін түсінген. Бірақ сонымен бірге басқа абзацта «Қазақстан Республикасындағы қылмыстық ахуалға трансұлттық қылмыстық топ жетекшілерінің ықпалын болдырмас үшін» Арманға ынтымақтастықты ұсынған Ысқақов екені айтылған. Олай болса, Ысқақов өз Отанын шетелдік қарақшылардан қорғап, нағыз патриот ретінде әрекет еткен екен. Бұл ісі үшін оны қамаудың орнына керісінше орденмен марапаттау керек!», – деп жазады басылым.

Тергеу құжатының басқа бөлігінде Ысқақовтың «Әділ Қытай», және «Айшуақ-Жантүгел» ұйымдасқан қылмыстық топтарының заңсыз әрекеттерін жолын кесу бойынша жедел шараларды күшейтіп, Шпек лақап атымен белгілі Рамазан Ғаббасовты ұстауға ықпал еткені көрсетілген. Бір уақытта ҰҚК бесінші басқармасының бастығы «өз өкілеттіктерін пайдалана отырып, Жұмагелдиев пен оның қылмыстық ұйымының мүшелерін оларға қарсы қылмыстық әрекеттердің жолын кесу үшін жедел шаралар қолданудан қорғаған».

«Яғни, ҰҚК «Дикий Арманның» тобын айналып өтіп, ел аумағын түрлі ұйымдасқан қылмыстық топтардан тазартқан екен. Ал ол пагон таққан адамдардың «қамқорлығын» пайдаланып өз серіктерін әртүрлі аймақтарға «жауапты» етіп тағайындап, ал бүкіл Қазақстанды Нойс лақап атына ие Нұржан Иманалиевтің қол астына береді», – деп қосады БАҚ.

Иманалиевтің қазір Түркияның түрмесінде отырғаны мәлім.

«Қаңтардағы тәртіпсіздікке дайындық ҰҚК-ның ішінде 2021 жылдың жазында басталып кеткен. Қалай дегенмен де қауіпсіздік күштері солай ойлайды. Қылмыстық іс материалдарында көрсетілгендей, «тергеумен анықталмаған адамдар Қазақстан Республикасында билікті күштеп басып алуға бағытталған қылмыстық сөз байласуға кіріскен. Жауапты мемлекеттік қызметтері бойынша бұл адамдар елдегі қоғамдық-саяси жағдай туралы толық ақпаратқа ие болып, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мен елдегі қылмыстық ұйымдарда жетекші азаматтардың шешім қабылдауына ықпал еткен» – бұл қылмыстық іс материалдарынан тағы бір үзінді», – делінген жазбада.

Билікті құлату үшін, бұл белгісіз тұлғалар «құқық қорғау және арнайы органдардың толық әрекетсіздігімен әртүрлі аймақтарда жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, халықты қорқыту және қазіргі президентті отставкаға жіберу туралы шешім қабылдауға ықпал ету мақсатында лаңкестік әрекеттер жасап, содан кейін бақылаудағы қылмыскерлер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының көмегімен уақытша «халық кеңестерін» құру арқылы болашақта оларға адал президентті сайлау арқылы билікті басып алу үшін кезең кезеңімен жоспар әзірлеген».

Осыған байланысты Руслан Ысқақов Жұмагелдиевке тәртіпсіздіктерге қатысуға дайын болу үшін күзет мекемесін тіркеп, қару-жарақ тауып, дене бітімі жақсы жігіттерді қатарға тартуды тапсырған көрінеді.

«Арман ҰҚК қызметкерінің нұсқауын орындап, 17 желтоқсанда Алматыға арнайы келіп, Қазақстанға келгенін еш жерде жарияламай, ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен кездескен. Ал 5 қаңтарда Ысқақов Жұмагелдиевке нақты тапсырма береді: халықты жинап, алаңға шығып, мәслихат депутаты Қайрат Құдайбергенмен кездесіп, олар бірге өз жақтастарының әрекетін ұйымдастыра бастаған. Халық қалаулысы көпшіліктің арасында ерекшелену үшін барлығына ақ шүберек тағуды ұсынады. Сол күні топтың қолына қосымша қару түседі: тергеу мәліметтері бойынша, Арманның арсеналын толықтыруға «Хоргоста» әрекет еткен қылмыстық топты әшкерелеуге атсалысқан Агент Саныч атымен бегілі Талғат Махатов көмектескен. Махатовтың қаруды қайдан алғаны жұмбақ күйінде қалып отыр, бірақ оның қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысумен қатар, алаяқтық жасады деген күдікке ілінгені белгілі», – деп атап өтті басылым.

Қолдарына тапанша ұстаған Жұмагелдиевтің жақтастары қалада 30-дан астам адамды ұстап алып, «Ритц Карлтон» қонақүйінің көлік тұрағы мен «Қазақстан» қонақүйінің банкет залында күштеп ұстаған.

«Тергеу мәліметтері бойынша, бұл адамдарды камераға түсіріп, есірткі қолданғанын, тонағанын күштеп айтқызып, шетелге қашып кеткен олигарх Мұхтар Әблязов құрған Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси қозғалысының жақтастарымыз деп айтуға мәжбүрлеген. Кейін ұсталғандардың барлығын сол Ысқақовтың нұсқауымен ҰҚК қызметкерлеріне тапсырған. «Дикий Арманды» Алматыдағы ауруханалардың біріне шабуыл жасады, полицейлерді соққыға жықты және «ҚДТ мүшелерінің» бірінің өліміне қатысты деп айыптап отыр. Бірақ оның бұл әрекеттердің барлығын ҰҚК-дағы Руслан Ысқақовтың бұйрығымен ғана орындады ма, ол белгісіз», – деп жазады басылым.

Еске салайық, Арман Жұмагелдиевке Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 адамды ұрлады деген айып тағылып отыр. Ал 2 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов ұсталған. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: