Бейсенбі, 26 желтоқсан, 21:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Кекеш

24.05.2021

1091 0

Бұл оқиға Азаматтың оқушы кезінде болған еді. Бастауыш сыныпты тәмамдап, бесіншіге аяқ басқан Азамат ағылшын тілі пәнінде күтпеген жағдайға тап болды.

Жаңа оқу жылының басталғанына да көп уақыт болған жоқ. Екі аптаның көлемінде оқушылар жаңа пәндерден дәріс беретін мұғалімдермен танысып, тіпті алғашқы тапсырмаларын орындап, белсенділері бестік бағаларын да алып үлгерді. Бастауыш мектепте негізгі пәннің барлығынан бір ғана мұғалім сабақ беретін. Тек дене шынықтыру, еңбек пен ән-күйде ғана басқа мұғалімдер болатын еді. Енді, міне, әр пәннің өз мұғалімі бар. Бір жағынан бұл балаларға қызық боп көрінді. Өздерінше мұны жетістікке балап қояды. Бала көңілі сәл нәрсеге көтеріліп қалатыны тағы бар. Әрқайсысы жаңадан сабақ беретін ағайлары мен апайларына еліктеп жүр. Бірінің киім киісі, енді бірінің жүрісі ұнаса, кейбір ұстаздардың сабақ түсіндіру әдісі баурап барады. Арасында бастауышта білім берген, әліппені оқытып әріп танытқан, санауды үйретіп есеп шығартқан алғашқы ұстаздары Рәзия Үсенқызына да барып тұрады. Ол кісі болса кеше ғана алдынан түлеп ұшқан, барлығы өзінің балаларындай болып кеткен оқушыларын қуана қарсы алып, қимастықпен шығарып салады. Әсіресе төрт жыл бойы сынып старостасы болған Азаматтың орны бір бөлек. Осындай жүздесулердің бірінде жоғары сыныпқа қадам басқан оқушыларын бірінші сыныпқа енді қабылданып, мектеп табалдырығын аттаған шәкірттерімен таныстырды.

– Сәлеметсіз бе, Рәзия апай, – деген балақайларды ішке кіргізіп:

– Келіңдер, айналайындар. Өздерің қалай өсіп кеткенсіңдер.Мен сендерді мектепке жаңадан келген бірінші сыныптың оқушыларымен таныстырайын, – деді мұғалім. Балалар ішке бірінен соң бірі кіріп жатыр. Шамасы бұл жолы барлығы келген-ау.

– Ал, балалар, көрдіңдер ме бұлар да сендер сияқты кеше ғана мектептің табалдырығын аттаған еді. Уақыт деген қандай жылдам десеңші. Бастауыштағы төрт жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Жандарым сол. Енді сендердің орындарыңды мына балақайлар басады.

– Апай өздері неткен кішкентай,– деді Ләззат сүйсініп.

– Бәрінен бұрын сүйкімділіктерін айтсайшы, – деді оның сөзін ары қарай жалғаған Әйгерім.

Бұларды сырттай бақылап тұрған Рәзия Үсенқызы:

– Әй, қарақтарым-ай, сендер де осындай болғансыңдар. Тіпті мектепке келгенде «үйге қайтамын» деп жылағандарың да болды. Көз алдымда өстіңдер ғой. Енді сендер үлкен азаматсыңдар. Жоғары сыныпта өздеріңнің білімді екендеріңді көрсетіңдер. Бастауышта алған білімдерің өмір бойы қажет болады, – деді.

– Жарайды апай.

– Біз сізді ұятқа қалдырмаймыз.

– Сіз әлі бізбен мақтанатын боласыз, – деп жан-жақтан балалар шулап кетті.

– Барлығы бұрынғысынша ма? Азамат әлі топ басшысы шығар. Мақсат пен Нұрдәулет үндемей тұр ғой. Қиналып жүрген жоқсыңдар ма? Менің балаларымның барлығы жақсы. Қайрат пен Сұлтанбектің қолынан келмейтіні жоқ. Мына Ғабит пен Жасар мықты спортшы болады. Қыздарым да өз алдарына бір төбе. Екі Әйгерім мен үш Ләззат сабақ оқығанда алдына жан салмайды. Қолынан сызғышы түспейтін Динараның да таудай талабы бар, – деді мұғалім әрбірінің қасиетін санамалап.

– Апай, қазір Азамат топ басшысы емес.

– Оның орнына Ләззатты қойды.

– Салтанат тазалық секторы болды, – деп балалар да апайларының сұрақтарына асыға жауап берді. Рәзия апай болса бастауышты бітірген шәкірттерін шығарып салып, біріншіге келген оқушыларға сабақ беруді бастап кетті.

Арада бірнеше күн өтті. Ағылшын тілі сабағы болатын. Пән мұғалімі Әлима Тәжмұратқызы еді. Ағылшын тіліне оқушылардың қызығушылығы жаман емес. Күннен-күнге балалардың белсенділігі артып келеді. Әдеттегідей Азамат орындаған үй тапсырмасын айтуға тақтаға шыққан болатын. Кенет өзінен-өзі дірілдеп, тілі күрмеліп, ағылшын тілінде мынау қалам «this is a pen» деген сөзді айту үшін бес минуттан астам уақыты кетті. Балалардың барлығы күлкіден ду ете қалды. Өзі ұяттан өлердей болып, қызарақтап тұрған Азамат не істерін білмеді. Бұрын соңды мұндайы жоқ еді. Бұл қайдан пайда болды. Ойы сан-саққа жүгіріп тұрғанда сыныптастары «Азамат кекеш екен», «Ой, масқара, қалай білмегенбіз», – деп кекете бастады. Алып-ұшып тұрған бала көңілі кімге тоқтау салсын. Іштей қынжылды. Тістеніп өзін-өзі әрең басты. Осы оқиғадан соң Азамат біразға дейін сабақ айтудан қалды. Бастауышты үздікпен бітірген баланың сабағы күннен-күнге нашарлап барады. Мұғалімдер де алаңдаулы. Не істеу керек? Қандай шара қолданса болады. Қайткен күнде де тығырықтан шығатын бір жол болу керек қой. Сынып жетекшісі Азаматтың ата-анасымен сөйлесіп көріп еді. Мәселенің мәнісі мынада болып шықты. Сәби күнінде Азамат мысықтың марғауымен көп ойнайды екен. Бір күні мысықтың баласын құшақтап бара жатқанда үйдегі үлкен төбет арс ете қалыпты. Иттің аты ит емес пе, қашаннан мысыққа өшігіп жүретін. Үш жасар сәби Азамат қолындағы мысыққа ұмтылған төбеттен зәре-құты қалмай қорқады. Ол осыдан кейін бес-алты ай сөйлей алмайды. Әке-шешесінің көрсетпеген дәрігері мен апармаған емшісі қалмапты. Құдай қолдап, күндердің күнінде сөйледі-ау, әйтеуір. Шамасы осы оқиғаның әсері болар. Араға бірнеше жыл салып қайталанғанын көрмейсің бе. Азамат не де болса, жұрттан ұялмай сабақ айтуға кірісті. Бастар кезде күмілжіп, сөйлей алмай біраз кекештеніп қара терге түседі. Содан не керек, «оталып» алған соң біразға дейін тоқтамайтын. Былайғы уақытта кекештенбейді. Тек жұрттың алдына шыққанда не болмаса тақтада тұрып сабақ айтқан кезде ғана тілі күрмеліп, бір сөзді бірнеше рет қайталайды.

Осылай жүргенде екі жылдай уақыт өтті. Азаматтың атына кекеш сөзі қосақталып «кекеш Азамат» атанды. Бірақ сабағы нашарлаған жоқ. Бір сөзді он рет түгілі жүз рет қайталаса да сабақ айтуды тоқтатпады. Бір күні балалардан көрші мектепте өзі сияқты кекеш оқушының бар екенін естиді. Шамасы бұдан екі сынып жоғары оқитын көрінеді. Ол сабақ айтқан кезде ғана емес, тіпті әр сөзді айтқан сайын кекештенеді екен. Сол бала сыныпаралық «Күзгі бал» байқауына қатыспақшы. Бұл

хабарды естіген Азамат әлгі баланы көргенше асықты. Ондағысы өзі сияқты адамды іздеп табу емес, оның жұрт алдында қалай өнер көрсететінін көру еді.

Ақыры, белгіленген күн жетіп, көрші мектептегі «Күзгі бал» байқауына барады. Айтса-айтқандай, әлгі бала да байқауға қатысты. Қасындағы ханшайымы да ерекше сұлу екен. Өзін таныстырғанда, қойылған сұрақтарға жауап бергенде кәдімгідей кекештенген оқушы ән салғанда жұрттың барлығын баурап алды. Тіпті сол байқау жеңімпаздарының қатарынан көрінді. Азамат таңғалды. Іштей «әлгі бала өлең айтқанда кекештенген жоқ қой, сонда қалай болды?» деп көп ойланды. Өзі де өлең айтып көрейін десе, тек сабақ айтқанда ғана кекештенетін Азамат қандай шешім қабылдарын білмеді. Өлең айтып барып, сабақ айтуға тағы болмайды. Бұрынғы кекешке енді жындыны қосып қойса не істейді. Ары ойланды, бері ойланды ақыры, бұл оқиғадан нәтиже шығаруға тырысты.

Тарих сабағы болатын. Мұғалім «үй тапсырмасын кім айтады?» – деп сұрағанда, Азамат қолын көтерді. Сыныптағы оқушылар:

– Ой кекеш, сен айтамын дегенше сабақ аяқталатын шығар.

– Соны айтамын да, қоймайды екен өзі, – деген сөздерді айтты. Әрқайсысы әр жерден айтып, бұғып қалса да мұндай сөзді кімнің айтатынын Азамат жақсы білетін. Өзін кекетіп, масқара етіп келгендерге жауап беретін уақыттың жеткенін сезді.

– Қазір, тек қазір, тұратұрыңдар – деді Азамат іштей тынып. Содан не керек, тақтаға шыққанша іштей ыңылдап, бір әнді айтып барды. Айтып барды да алғашқы шумағы бітісімен үй тапсырмасын бастап кетті. Бұл жолы кекештенген жоқ. Өзі де, мұғалім де, сыныптастары да аң-таң. Сабақ аяқталысымен өзін кекететіндерге «Мен кекеш емеспін» дегендей сыңай танытып қойды. Әр сабақ айтқан сайын, іштей өлең айтып бастауды әдетке айналдырды. Оның бұл әрекеті нәтиже бере бастады. Осылайша, бірте-бірте кекештіктен айықты. Атын бұзып «кекеш Азамат» дейтіндердің аузына біржолата құм құйылды.

Қайран, музыка десеңші. Не деген көркемдік. Адамның жанын еріксіз баурап алатын ән мен күйдің әлі біз білмейтін қаншама құпиясы бар. Ән салған адамның кекештенбейтіндігін білген Азамат өзін-өзі емдеп, музыканың құдіреттін сезінді. Сол арқылы кемістігі жоқ толыққанды жан ретінде үлкен өмірге қадам басты.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: