Абай облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Жыланды ауылының маңында, Омбы-Майқапшағай тас жолында ауыр жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Абай облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға 7 қазан күні шамамен 18:30-да болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, “Toyota Corolla” көлігінің жүргізушісі жолға кенеттен шығып кеткен бұғыны қағып кеткен. Осы кезде қарсы бағытта келе жатқан “DAF XF 460 FT” жүк көлігінің жүргізушісі соқтығысудан қашпақ болып, көлік тізгініне ие бола алмай қалып, жолдан шығып кетіп, аударылып, жана бастаған.
Апат салдарынан 28 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі кабина ішінде қалып, көлік отқа орана бастаған.
Оқиға куәгері – “Арлан Восток” ЖШС-нің 26 жастағы күзетшісі Александр Ведищев нағыз ерлік пен жанқиярлық танытты. Ол еш ойланбастан жанып жатқан көлікке жүгіріп барып, жарақат алған жүргізушіні кабинадан шығарып үлгерді. Жүргізуші құтқарылғаннан бірнеше сәттен кейін жүк көлігі жарылып кеткен.
Құтқарғаннан кейін Александр басқа куәгерлермен бірге зардап шеккен азаматты өз көлігіне отырғызып, полиция экипажының ілесуімен жедел жәрдем тобына қарай қарсы бағытта шығып, жүргізушіні медицина қызметкерлеріне табыстайды.
Куәгердің батыл әрекетінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алу мүмкін болды. Денесінің 50%-ына дейін күйік шалған жас жүргізуші жедел түрде Семей қаласындағы жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.
Абай облысы Полиция департаменті өз өмірін қатерге тігіп, адам өмірін сақтап қалған Александр Ведищевтың азаматтық ұстанымы мен ерлігін ерекше атап өтті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!