Жексенбі, 24 қараша, 06:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Майданнан сағынышты елге сәлем

05.05.2022

761 0

Жеңіс бізге  оңайлықпен келген  жоқ. Алапат соғыстың аяқталғанынан 77 жыл өтсе де оның жаңғырығы әліге дейін жұртшылық жүрегінде. Соғыс – адам рухындағы арпалыстың көрінетін тұсы десек, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан ерлердің ерлік рухын елге жеткізген олардың ел мен жерді, ағайындары мен ардақтысын сағынып жазған хаттары, жүрегін жарып шыққан жырлары. Жосалы кентіндегі К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде майдан даласынан жеткен сағынышты хаттарды Сыр мақамдарына салып орындаудан «Майданнан хат» атты жыр-фестивалі өтті.

«Балалар жылы» аясында және Жеңіс күні меркесіне орай ұйымдастырылған шараға Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Жас жыршылар Нұрмағамбет Жанаев, Бисенбай Қасқырбаев, Әбзәли Егізбаев, Шәкіман Бектібаев және т.б майдангер-ақындардың ұрыс даласынан жазған шығармаларын орындап, көрермендердің көңілінен шықты.

«Бауыры бүтін сұңқар жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқ». Бұл соғысқа бар шаңырақтың көзінің ағы мен қарасындай жалқы ұлы да ат жалын тартып мінген ер азаматтармен бірге аттанды. Арманда кеткен боздақтар әруағы алдында бүгінгі ұрпақтары бас иеді. Сондай жырдың бірі:

Хат жаздым сәлем жолдап туған ауылым,

Елдегі саламат па қалған бауырым?

Мен жүрмін Отан қорғау жорығында,

Соғыстың бастан кешіп сұр  дауылын.

Сағындым туған аймақ, ел-жұртымды,

Аға, інім, өскен ойнап тең құрбымды.

Тыңда елім, жырым да осы, сырым да осы,

Азырақ айыптама айтсам мұңымды.

Дариға! Еске түсіп өскен халқым,

Еске алдым қатар-құрбы, жас пен қартың.

Қасиетті туған жердің топырағы,

Көзіме елестейді түйірі алтын.

Көктөбе, Бабай  атам, Күйеуасар,

Көз көрсе көңілі жай боп, шаттық тасар.

Аға, іні, ата-енемен  дидарласып,

Күн қашан туар екен мауқын басар? – деп басталып, елдегі сыйластарын, сырластарының атын атап, түсін түстей отырып, оларға деген сағынышын жеткізеді. Қармақшылық жыршылар мақаммен жырға қосқан өлең-хаттар осылайша туған жер мен елге, ата-ана мен аяулы жар, ұл-қызға, дос-жарандарға деген сағыныш сезімді жырға қосқан. Жауынгер жырларының бәрі де Жеңіске деген сеніммен аяқталады. Сондықтан да  жауынгер жазған жырлар бізге әрқашанда ардақты.

 Жеңіс мерекесі – елдігіміз бен теңдігіміздің мерекесі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: