Өскеменде мас күйде көлік жүргізген прокурор жүргізуші куәлігінен айырылып, қамауға алынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде прокурордың жол апатына түскені туралы ақпарат тараған еді. Ол мас күйінде көлік жүргізіп, бағанға соғылған, кейін оқиға орнынан қашып кетпек болған. Сараптама барысында оның қанынан алкоголь мен марихуана табылғаны айтылды.
Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы бұл жағдайды растады және қызметкер әрекеті үшін жұмыстан босатылғанын мәлімдеді.
«Құқық қорғау органының абыройына нұқсан келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Өскемен қаласы прокуратурасының прокуроры Пан В.Б. прокуратура органдарынан «1-дәрежелі заңгер» шенінен айырылып, қызметтен босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Сонымен қатар, 3 қазанда әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот бұрынғы прокурорды 20 тәулікке қамауға алып, оны 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!