«Өй, әке-е-ңнің… Кір үйге», – деп Орынбасар аға баласына тағы ұрсып, көк желкесінен тартып жіберді. Тиген шапалақтың дауысы «сарт» еткенінен-ақ біз оның қалай ауыртатынын іштей сезіндік. Бірақ Сұңғат мыңқ етпеді. Ащы суға тағы да сылқия тойып алып, аяғын сүйреп басқан әкесінің алдына түсіп алды да күрегін сүйретіп үйге қарай кете барды.
Ойын баласымыз. Өзара «Бізді әкеміз бұлай ұратын болса аңырап қалар едік» дейміз күбірлесіп. Бірақ ондай шапалаққа Сұңғаттың желкесі де, шапалақтың даусына біз де үйреніп қалғанбыз. Кейде оны «Ата-анасы асырап алған, сол үшін әкесі ұрады, шешесі жақтамайды да» деп ойлаймыз. Содан кейін ойынымызды қайта жалғастырамыз. Қараңғы түсе бастағанда кешкі асын беріп, мас күйеуі ұйықтады-ау деген шақта Сұңғаттың анасы қолына күрек ұстап далаға шығады. Біз өз арамызда оларды «шахтерлер отбасы» дейміз. Өйткені Сұңғаттың қазғанын қараңғыда анасы қайта көмуге шығады. Ұрыс десе алдына жан салмайтын көршілердің «Ана балаңа айт, қазғанын бітеп кетсін, болмаса мүлде қазбасын. Не әдет? Айналаға шұңқырды үйіп тастайды. Тас қараңғыда сүрініп өлер біреу» деген сөзінен әбден шаршаған ол баласының қазған шұңқырын бітеуден шаршамайды.
Негізі Сұңғаттың жасы 14-ке жеткенімен, өзін-өзі ұстауы біздің жасымыздан да кішкентай бала секілді. Мектептің 2 сыныбына барған біз одан гөрі тәуірлеу іс істеп, ойын баласы болып ойнайтынбыз. Мен ес білгелі Сұңғаттың балалармен қосылып ойнағанын көрген емеспін. Ағаларыммен жасты болса да олармен ойнамаған, орыс Саняның ауласынан алма ұрлап та жемеген. Ал Саняның алмасын ұрламаған адам біздің ортамызда адамға саналмайтын. Оның үстіне Сұңғат мектепке де бармайды. Үлкендердің айтуы бойынша «Есі кем болған соң мектепке алмайды». Ол күн ұзағына жалғыз ойыншығын, күрегін құшақтап жер қазады. Күн сайын өзі сиятындай бір шұңқыр қазып, ананың құрсағында жатқан баладай сол шұңқырдың ішіне жатады. Сосын өзінің әдеттегі күбір-күбір әңгімесін бастайды. «Жер-анаға» күні бойғы істегенін айтып «есеп» береді.
Бірде бір топ бала жиналып, қолымызға кішкентай кәтәлөк алып тоғайға кеттік. Сол жақтан қарақат жинап жарысамыз. Кімнің ыдысы бірінші толса, сол жеңген болып есептеледі. Көбіне үлкенірек болып піскен қара түстісін жинаймыз. Ал сарғылт келген «апельсин» сортты қарақат өсіп тұрған ағаш көрсек барлығымыз соны толық жинамай кетпейтінбіз. Өйткені «апельсин» сортты қарақат ерекше тәтті болатын. Ыдысымыз толған соң қақпағын мықтап жауып, үй жаққа қарай жарыса жүгіреміз. Көше басына жеткенде бір демалып, колонкадан су ішеміз. Жинаған жидектерімізді де сол жерде жуып алып, асықпай жеп барамыз. Қалғаны үйге тосап жасауға кетеді. Сондай бір күні қарынды тойдырып, үйге де қалатындай етіп қарақат теріп, үй жаққа келгенімізде Сұңғаттың тағы да «окобында» жатқанын көрдік. Арамыздағы ең сотқарлылау Берік «Қане, тиісейік!» деді. Негізі Сұңғатқа ауыз ашпақ түгілі, оның қасына жақындауға жүрегіміз дауаламайтын. Өйткені үлкендердің «Ол алжасқан. Жынданса өлтіріп қояды. Полиция да түк істей алмайды» деген сөздерінен әбден жүрегіміз шайылып қалған. Бірақ арамыздағы ірілеуі, оның үстіне дзюдоға қатысатын Әлішер «Бірдеңе істеп жатса өзім тоқтатам, сендер жабыласыңдар» деген сөздерімен сәл күш бергендей болды. Сонымен іштей қорқып тұрсақ та, қасына жақындап әңгімесін тыңдадық. «Маған мамам ұрыспайды, Орынбасар аға да мені ұрып көрген емес» деп күмбірлеп жатыр Сұңғат. Сол кезде «Не өтірікті сойып тұрсың, әкең күнде құлақ шекеңнен шапалақпен салып қалады емес пе?» деп Әлішер қойып қалды.
Бұл сөз Сұңғатқа ұнамаса керек, орнынан атып тұрып бізді қуа жөнелді. Бәріміз жан жаққа тым-тырақай қашып бара жатқанымызда Әлішер қазылған бір шұңқырдың кесірінен сүрініп құлады. Кәдімгідей омақаса құлап, айналып түсті. Артынан қуып келе жатқан Сұңғат оның үстіне отырып алып «Неге айтасың? Енді әкем ренжитін болды» деп айқайлап отыр. Жынданғаннан тіпті көзі қызарып, қабағын түйіп алған. Астында жатқан Әлішер қорыққанынан еңіреп жылап жатыр. Көмектесуге ешқайсысымыздың жүрегіміз дауаламай тұр. Сол кезде әнебір жерде кір жайып жүрген Света апай жүгіріп келіп «Сұңғат тұра ғой, естіген жоқ. Қорықпа, әкең ренжімейді» деп жаймен ғана Әлішердің үстінен тұрғызды. Ол кезде терезеден болған жайттың барлығын көрген Сұңғаттың анасы жүгіріп келген еді. Баласының үстін қағып, «Балаңа ие бол. Өлтіріп қойса не істейсің? Үйіңнен шығарма» деген айқайдың жаңғырығымен үйіне қарай кете барды. Атын білмей біз «злая собака» деп атайтын ұрысқақ апайды көрші Света сабырға шақырып жатыр.
Сол оқиғадан кейін «шахтер отбасының» «окопшы» Сұңғатына біреуіміз де жақындамайтын болдық. Ол да күнделікті өзімен-өзі «окобын» қазып жүре беретін. Кешке күнделікті араққа тойып алған әкесінің бір шапалағын жеп алып, үйіне кіреді. Сәл кейін анасы шығып шұңқырларды көмеді. Кейде біз де жақсылық жасаған болып, шұңқырларды көмуге көмектесеміз. Жалпы бұл көрініс біздің үй жақта күнделікті сценарий бойынша орындалатындай. Біз 10 жасқа келгенде 16 жастағы Сұңғаттың мінезі сол баяғы 6-7 жасар баланыкі болып қала берді…
2012 жылы үй салып, ол жақтан көшіп кеткелі Сұңғатты көрген жоқпын. Әнәугүні осы бір оқиға есіме түсіп кетіп, үйдегілерден «шахтерлер» отбасының қазіргі хал-жағдайын сұрадым. Иә, сол үйдің баласы жер қаза беретін болғандықтан көбі оларды «шахтерлер отбасы» деп атап кеткен. Онымен біздің үйдегілер де олардың қазіргі жағдайын білмейтінін айтты. Бірақ анам сол «окопшы» Сұңғаттың неге окоп қазатынын айтып бергенде көңілімді бір мұң жайлады.
«… Орынбасар оның туған әкесі емес. Сұңғат 10-11 жасар болғанда анасы сол Орынбасарға тиді. Оның туған әкесі – марқұм Сәрсен деген кісі. Өте тұйық, сыртпен де, әйелімен де ашылып сөйлеспейтін еді. Бірақ баласын қатты жақсы көретін. Қашан көрсең жанынан тастамай, иіскеп жүретін. Алайда көрші болып біреумен сөйлескенін көрген жоқпыз. Өздерімен-өздері болып жүре беретін. Бір күні әйелі жұмысқа кеткенде өз-өзіне қол жұмсаған. Не үшін екенін ешкім де білмейді. Ең жаманы мұның
бәрін көз алдында ойнап отырған баласының көзінше істеген. Әкесін жер қойнына табыстар кезде Сұңғатты да бейіт басына апарған. Сол жерде әкесін көміп жатқанын көріп, мамасынан қояр да қоймай себебін сұраған соң «Папаң жердің астына кетті» деп жауап берсе керек. Міне, сол уақыттан бері әкесін өлердей жақсы көретін Сұңғат күн сайын шағын етіп жер қазып, әкесімен тілдеседі», – деп анам барлығын баяндап берді…
А.БІРКЕНОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!