Жексенбі, 22 желтоқсан, 19:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Отпен айқасқан қаһармандар

18.05.2021

1400 0

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары деңгейде болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Олардың санасына «құтқару» деген ұғымның сіңіп қалғаны соншалық – әрдайым тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын.

Өткен аптада Қызылорда қаласының орталығындағы тұрғын үйлердің бі­рінде өрт болды. Атап айтқанда, Абай  даңғылы бойындағы №48 үйдің бесінші қабатында екі пәтердің балконы жанып жатқандығы жөнінде қоңырау түседі. Оған Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметі №2 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері барған.

Өрт сөндірушілердің жедел және біріккен іс-қимылының нәтижесінде жоғарғы қабаттан барлығы 14 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Олар­дың екеуі бала. Сондай-ақ өрттен өздігінен жүре алмайтын бір азаматша құтқарыпты.

 Кез келген сәтте тілсіз жау өзіңе тап беріп, иіс тиіп, ес жоғалтуың әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайларда ең алдымен көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысатын өрт сөндірушілердің еңбегі ерлікпен пара пар. Олар күн сайын өз өмірін тәуекелге тігіп, тілсіз жаумен алысады.

– Бала кезден өрт сөндіруші болуды армандадым. Өрт сөндіретін машиналарды, техникаларды, арнайы формадағы қызметкерлерді көргенде қызығатынмын. Жалпы адамдарға жақсылық жасап, көмек бергенді ұнатамын. Міне, 5 жыл бойы өрт сөндіруші болып қызмет етіп келемін. Әрине, оңай жұмыс деп айта алмаймын. Қиын әрі аса сақтықты қажет ететін жұмыс. Басында қиын болды, бірақ уақыт өте келе өзімді басқаруды үйрендім. Барлық жағдайда сабырлы болу керек, – дейді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Ербол Бектілеуов.

14 адамды құтқарған өртке 8 қызметкер атсалысқан. Яғни берілген тапсырмаға сәйкес өз жұмыстарын мүдірмей орындап шықты. Руслан Бекпенбетов, Нұрғазы Абибуллаев, Мағжан Ағиза, Ермекбек Пазлиев, Еркін Жұмабеков, Бауыржан Баймаханов, Нұрбек Әбілда, Нұрғазы Қыдырбаев сынды өрт сөндірушілер бұл оқиғаны ерлік деп санамайды да.

Бөлімдегі қызметкерлер үнемі өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын ыждаһатты тексеріп отырады. Қысқасы, шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.

Орыс жазушысы Владимир Гиляровский «Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді» деген екен. Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Мен оларды отпен айқасқан қаһармандар дер едім.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: