Павлодар облысында қатты желден 16 адам зардап шекті, деп хабарлайды Sputnik.
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауылды жел соқты. Дауылды жел инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуатының өшуіне әкелді.
«Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша 16 адам зардап шеккен, оның ішінде үш бала. Ақсуда 1968 жылы туған тұрғын қайтыс болды», – деп жазылған хабарламада.
Облыс орталығында 47 нысанның, оның ішінде 6 әлеуметтік мекеменің шатырына зақым келді. Ақсу мен Екібастұзда 23 нысан, Баянауыл ауданында – 7 нысан зардап шекті, сондай-ақ Май және Павлодар аудандарында ғимараттардың зақымдануы тіркелді.
Облыстың қалалары мен аудандарының электрмен жабдықтау желілерінде ақаулар байқалады. Қазіргі уақытта Ақсу қаласында және Баянауыл ауданында электр қуаты өшіп тұр.
Қазіргі уақытта орын алған апаттың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байланыс және электрмен жабдықтау желілерінің 16 бағанасы қалпына келтірілуде. 300-ден астам адам және 103 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Барлық шұғыл әрекет ету қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!