Жұма, 22 қараша, 13:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Қауіп қайдан демеңіз…

17.05.2022

694 0

Жаздың аптап күндері басталуға да жақын. Ал жаздың сәні – суға түсу. Дегенмен жазды күтпей-ақ осы күннің өзінде дария жағасында ойнап немесе суға түсуге барған оқушылар жеткілікті. Мұндай жәйттер рейдтік шаралар кезінде анықталған.

Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ. Әсіресе балалар оның ортасында жүргенді жаны сүйеді. Олардың періште көңілі тек қуанғанды, асыр салып ойнағанды қалайды. Тек, кейде сол бейқам көңілі қайғылы жағдайға ұшыратады. Жаз басталмай жатып-ақ қаламызда суда қаза болу дерегі тіркелген. Дерекке сүйенсек, Белкөл кенті, Көкжиде ауылы тұсында 1 адам суға түсіп, қаза тапқан. Осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін балаларды бақылап отыру қажет.

Қаламыздағы И.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейде білім беру мекемелерінің басшылары мен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары бірлесіп жиын өткізді. Онда суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралары кеңінен айтылды.

– Түсіндірме жұмыстарының негізгі мақсаты осы кездерде мектеп оқушыларының қайғылы жағдайға ұшыратпау, алдын алу. Су айдындарында азамат­тардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ережелерді түсіндіру болып табылады. Облыс бойынша өткен жылы 49 адам суға кеткен, оның 24-і бала. Орын алған қайғылы жағдайдардың 70 % мектеп жасындағы балалардың ата-анасының қарауынсыз суға түсуі. Қауіпті аймақ ретінде саналатын жерлерге «Суға түсуге тиым салынады» деген ескертпе тақтайша тұрса да, құлақ аспай өз беттерінше шомылуы. Осындай теріс әрекеттер қауіпке әкеліп отыр. Сондықтан осы жылы да барынша тиісті жұмыстарды істеуге міндеттіміз. Балаларға судың қауіпті екенін түсіндіру қажет, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов.

Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау қажеттілігін кез келген жан ескеру керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Расында, адамдардың суда қауіпсіздік сақтамауы орны толмас қайғыға әкеп соғады. Кейбір тағдыр иелерінің өмірін келтеден қияды.  Мәселен,  ересектер арасындағы өлімнің негізгі себебі – мас күйде суға түсу, ондағы жүріп-тұру ережесін сақтамау және тыйым салынған орындарда демалу. Тағы бір себебі – өз күшіне сенгендік. Ал балалар арасында орын алатын бұл қайғының  негізгі себебі – ата-ана бақылауынан тыс суға түсу жас буынның өмірін ерте үзеді.

Мамандар кенеттен келетін қауіптің алдын алу үшін шаралар жасалып жатқанын алға тартады.

– Азаматтардың суда қауіпсіздік шараларын сақтау бағытында жүйелі іс жүргізілуде. Насихаттық жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаладағы шомылатын орындарда кезекшілік ұйым­дастырылып, ескерту тақтайшалары ілінді. Тұр­ғындар арасында үгіт-насихат жүргізілуде. Айта кететін жайт, олар суға шомылуға жүзу құралдарын ала бармайды. Оның арасында жүзуді білмейтіні де бар. Сөйтіп, жай ғана шомылып шығудың соңы күтпеген қайғылы оқиғалармен аяқталып жатыр. Мұндай жәйттер орын алмасын десек, ең алдымен қауіпсіздікті есте ұстанғанымыз абзал, – дейді басқарма бастығы.

Мамандар сөзіне сүйенсек, қауіпті деп танылған орындарға шомылып жатқан үлкен кісілер мен қатар бала да кездеседі.  Демек тиісті мекемелер тарапынан қаншама ескертулер жасалса да қателікті жасайтын кез-келген адамның өзі. Алайда, бұл өмір немқұрайлылықты көтермейді. Әр адам өз өміріне өзі жауапты. 

Бала болған соң ойнамай тұра алмайды. Сондықтан қауіпті жағдайлардың алдын алғанымыз дұрыс. Әсіресе, бүлдіршіндерді қараусыз қалдырмай, әрбір басқан қадамын аңдып отырмаса әсте болмас. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы. Сол үшін де үйде балаларға өз еркімен суға түсу қауіпті екенін  айта жүргеніміз абзал. Апат айтып келмейді. Дегенмен тілсіз жау саналатын от пен судан балғын бүлдіршіннің өміріне қауіп төніп жүрмесін. Оларды қайғылы оқиғалардан қорғап жүру – ата-ана міндеті. Әсіресе жаз айларындағы  демалыс кезінде әрбір ата-ана бөбегінің қауіпсіздігі үшін оларды назарынан тыс қалдырмауы тиіс.

Иә, күннің ыстығында салқын судың жағасында демалғанға не жетсін. Бірақ салғырттық адамның түрлі келеңсіз жағдайға ұшырауына алып келеді. Сондықтан қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстағанымыз дұрыс.  Әсіресе бала көзден таса болса алаңдап, іздеп қайда жүргенін біліп отыру қажет-ақ.  Қауіп қайдан демейік…

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: