Қостанайда Абай даңғылы бойында автокөлік жүргізушісі дүкенге соғылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Анықталғандай, 5 қазан күні түнгі уақытта 20 жастағы Mercedes автокөлігінің жүргізушісі КЖБИ-дан КСК-ға қарай жүріп келе жатып, жол белгілерін сызып жатқан жұмыскерлерді айналып өтпек болған кезде көлікті басқара алмай, сауда бутиктерінің біріне соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан көліктегі жолаушы жарақат алды. Сонымен қатар бутиктің кіреберіс бөлігі, металл қоршаулар мен жол белгілері зақымданды. Медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес, апат болған сәтте жүргізуші мас күйде болмаған, – деп хабарлады Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинап, келтірілген залалдың мөлшерін анықтап жатыр. Барлық тексеру шаралары аяқталғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, жүргізушінің көлік жүргізу тәжірибесі – 1,5 жыл. Осы уақыт аралығында ол жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 8 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!