Шерзат Болаттың ағасы өлі табылды. Ақпаратты Алматы облыстық полиция департаменті растады, – деп хабарлайды Massaget.kz
Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның денесі табылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне-өзі қол жұмсаған.
«Марқұм биыл 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық жағдайды анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады», – деп жазылған полиция хабарламасында.
Полиция марқұм Шерзат Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын мәлімдеді.
«Марқұмның отбасына қатысты қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің сөзінше, ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлікпен кеткен», – деп жазылған хабарламада.
ІІМ тергеу мүддесі үшін өзге ақпаратты жарияламады. Сондай-ақ тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.
«Жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», – деп ескертті полиция.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!