Канада елінде өскен қазақ жігіті Жандос Райан Ақтауға келіп, туған анасымен кездесті. Сондай-ақ ол аға-бауырларымен де танысты. Бұл туралы Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Басқа елде өскен Жандосты 10 айлығында Торонтода тұратын шетелдік отбасы асырып алған. Олар ер жеткен ұлдарының қалауына қарсы шықпай, Қазақстанға алып келген. Ол 17 жылдан кейін ғана өз туған жеріне аяғын басты.
«Анам мені тастап кетсе де оған еш өкпем жоқ екенін айтқым келеді. Оны жазғырмаймын да. Тағдырдың жазуы солай шығар. Ал Ата жұртым мені ерекше ыстық ықыласымен қарсы алды. Жайлауда болып, домбыра аспабымен таныстым. Халқым қонақжай екен», – деді Жандос.
Канадалық ата-анасын Қазақстанға ертіп келген жігіт бауырларымен де танысты. Сосын сәбилер үйіне барып, өзін баққан тәрбиешілермен қауышты. Тағдырлас балалармен ұзақ уақыт ойнап, көз жасына да ерік берді. Жандосты өсірген канадалық отбасы баланың қалауына қарсы шықпай, Маңғыстау жеріне келгендерін айтады.
«Ол туған анасын көргісі келе ме жоқ па өзі шешеді деп келдік. Ұлымыздың Торонтода қазақ достары көп. Олармен жиі кездесіп, араласып тұрады. Сонда достарының бірі анасын табуға кеңес берген. Біз оның ниетін қолдап, Ақтауға алып келдік», – деді асырап алған анасы Шанас Мұхамед.
Жандос туған жеріне қонақ ретінде жиі келіп тұратынын жеткізді. Қазақтың қонақжайлығына риза болған жігіт Торонто қаласына қайта кетеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!