Тұрғындар танымал адамдардың жарнамасына сеніп, құрылыс компаниясына алданған. DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінін жарнамалаған тұлғалардың арасында – елге танымал әнші Төреғали Төреәлі де бар. Бұл жайлы «Астарлы ақиқат» бағдарламасында көрсетілді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал адамдардың сөзіне жұрт имандай сеніп, бар ақшасын берген. Алайда DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмай жатып тоқтапты. Тұрғындардың сөзінше жауапты компанияның әуел баста үй салуға рұқсат қағазы болмапты.
Төреғали Төреәлімен түсірілген видеода компания атауы, кеңсесі мен логотип жазуы көрініп тұр. Алайда әншінің менеджері жарнамаға қатысымыз жоқ дейді.
«Біз ол жерден барып үй алмақшы болғанбыз. Бірақ оларға жарнама істеп, үй аламыз десеңіздер міне деген ештеңе жоқ. Егер біз жарнамалады деген келісім-шарт болса, соны көрсетсін. Біз үйді алмақшы болып сол жерге бардық, соны видеоға түсірдік. Біз де зардап шегушіміз», – дейді Төреғали Төреәлінің менеджері.
Ал Maх Bet компаниясының директоры Берік Нұрмағанбетовтың адвокаты Төреғали Төреәлінің жарнамасының құны 2-бөлмелі пәтермен пара-пар екенін айтты.
«Төреғали Төрәліге DOSTAR DELUXE тұрғын үй кешеніне жарнама жасағаны үшін 2-бөлмелі пәтер келісілген дейді. Яғни, жауабында солай көрсетілген», – деді адвокат Шынқуат Байжанов.
Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, егер танымал тұлғалар ақы алса, олардың бұл әрекеті жарнама болып есептелінеді.
«Егер Дәулет пен Төреғали ақы алған болса, бұл жарнама болып есептеледі. Сондықтан оларды жауапкершілікке тарту керек. Олардың үстінен арыз жаза беріңіздер. Өйткені сіздер оларға сендіңіздер. Депутат болсын, басқа болсын қылмыстық жауапкершілікке бәрі бірдей жауапты», – деді Мейірман Шекеев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!