ҚР Көлік министрлігі Qazaq Air әуе компаниясының Қостанай – Астана бағытындағы рейсінде орын алған оқиғаға байланысты тергеу жүргізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрлік таратқан мәліметке сәйкес, азаматтық және эксперименттік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тіркеу және тергеу ережелеріне сай арнайы комиссия құрылады.
Тергеу жұмысын Көлік министрлігіне қарасты Көліктегі оқиғаларды тергеу департаменті жүргізеді.
Қостанай-Астана бағыты бойынша Qazaq Air әуе компаниясының рейсіндегі авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру үшін саладағы ережелерге сәйкес арнайы комиссия құрылады, – делінген хабарламада.
Аталған оқиға 11 қазанда болған. Оқиғадан кейін жолаушылар ұшақтан түсіріліп, борт әуеге көтерілместен қалған. Астанаға жоспарланған рейс белгісіз мерзімге кейінге шегерілді.
Астанадағы басқа рейстерге билеттер болмағандықтан, Вьетнам мен Қытайға транзитпен ұшпақ болған туристерге Алматы арқылы жаңа билеттер сатып алуға тура келген. Куәгердің айтуынша, борттағы жолаушылардың жартысына жуығы ресейлік туристер болған және олар осы жағдайға байланысты ақшасынан айырылып, екі күндік демалысын жоғалтқан.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!