Дүйсенбі, 15 желтоқсан, 13:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№95 (2207)
13.12.2025
PDF мұрағаты

Зейнеткер 2 млн теңгесінен айырылды: алаяқтар жаңа әдіс қолданған

15.12.2025

41 0

Фото: Zakon.kz.

Павлодар қаласында 72 жастағы зейнеткер әйел интернет пен телефон алаяқтарының құрбаны болды. Қылмыскерлер ұзақ уақыттан бері қолданылып келе жатқан алаяқтық схеманы пайдаланып, зейнеткердің сеніміне кіріп, ірі көлемдегі қаржысын иемденген, – деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға Ресей Федерациясының нөмірінен келген телефон қоңырауынан басталған. Белгісіз ер адам өзін дәрігер ретінде таныстырып, зейнеткерге басқа емханада вакцинациядан өту қажеттігін айтып, сендірген. Әңгіме барысында әйелдің телефонына СМС-хабарлама келген.

Алаяқтардың айтуымен зейнеткер сол хабарламадағы кодты айтып берген. Нәтижесінде қаскөйлер оның банктік шоттарына заңсыз қол жеткізген.

Көп ұзамай зейнеткерге өзін «тергеуші Эдуард» және «қаржы жөніндегі маман Виктор» деп таныстырған тағы екі адам хабарласып, шотына «мемлекеттік қаражат» түскенін және оны кері қайтару қажеттігін айтқан.

Алаяқтардың нұсқауын бұлжытпай орындаған әйел өз шотынан 2 млн теңгені шешіп алып, шетелдегі белгісіз есепшотқа аударған.

Тек қаржы аударылғаннан кейін ғана ол алданғанын түсінген. Қылмыскерлер ізін жасыру мақсатында барлық хабарламалар мен қоңырауларды өшіруді талап еткен. Осыдан кейін жәбірленуші полицияға жүгінген. Павлодар қаласы полициясының мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Құқық қорғау органдары тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады. Полиция өкілдері SMS арқылы келетін кодтарды ешқашан бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ бейтаныс нөмірлерден келетін қоңырауларға сене бермеуге кеңес береді.

Алаяқтар өздерін мемлекеттік орган қызметкері немесе медицина, қаржы саласының маманы ретінде таныстырып, заңды әрекет жасап жатқандай әсер қалдырады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: