Фото: Stan.kz
Қырғызстан өз құтқарушылары мен еріктілерін ауа райының қолайсыздығынан табиғи төтенше жағдай жарияланған Қазақстанның Жамбыл облысына көмекке жіберді. Бұл туралы Қырғызстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Қырғызстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі сағат 3.05-те кептелістерде қалған азаматтарды эвакуациялау үшін «Ақ-Жол» шекара заставасына 39 құтқарушыны, бес ауыр техниканы, бір «Ниссан» жүк көлігін, екі қарда жүретін көлікті және қажетті техниканы жөнелтті. Сағат 8.05-те Қырғызстан Республикасы төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Қазақстан аумағына кірді. Қырғызстан мен Қазақстанның дағдарысты жағдайлар жөніндегі орталық басқармалары арасындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша волонтерлердің бес көлікпен кедергісіз барып-қайтуы ұйымдастырылып, азаматтар қауіпсіз жерге көшірілді”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, 15 желтоқсанға қараған түні Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды. Өңірде көліктер қар құрсауында қалып, бірқатар пойыздар тоқтап, Шу ауданында бағаналар құлаған. Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ (ҚТЖ) Жамбыл облысындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты пойыздар қозғалысының жылдамдығын шектеп, жедел штаб құрғаны белгілі болды. 15 желтоқсан күні таңертең облыс әкімдігі хабарлағандай, қар құрсауынан 5 мыңнан астам адам құтқарылды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!