Қала әкімдігі жанындағы баспасөз алаңында қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Жақсылық Төлегенов мемлекеттік грант беру барысын баяндады. Брифингте кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 400 АЕК көлемінде берілетін мемлекеттік грант Қызылорда қаласы бойынша 2022 жылы 814 азаматқа қарастырылғаны айтылды.
− 2022 жылы Қызылорда қаласы бойынша 814 азаматқа мемлекеттік грант беру қарастырылған. ІV лекте қазіргі таңда 539 адамнан өтінім қабылданды. Оның ішінде 269 адамға грант беру жоспарланған. Өтінім берушілердің саны артуына байланысты бүгінде ІV лек бойынша өтінім қабылдау аяқталды, − деді бөлім басшысы Жақсылық Төлегенов.
Осы аптада тұрғындар арасында грант беру мәселесінде қиындықтар туындағаны сөз болды. Нақтырақ айтқанда, business.enbek.kz порталы жұмыс істемегендігі айтылды. Сала басшысы бұл мәселе Қазақстанның барлық аймағында орын алғанын айтып, мұның себебін өтінім берушілер санының көп болуына байланысты техникалық ақау орнады деп түсіндірді.
− business.enbek.kz порталы республикалық деңгейдегі сайт және қандай да бір алдын алу және ақауды болдырмау сынды әрекеттерді жасау мүмкіндігі қарастырылмаған, − деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Өмірзақов.
Баспасөз жиынында кәсіпкерлік бағытта азаматтарға 1 млн 225 мың 200 теңге көлемінде грант беру шарттары да сөз болды. Талапқа сәйкес мемлекеттік грантқа жиырма тоғыз жасқа толмаған және халықтың әлеуметтік осал топтары үміткер бола алады. Мемлекеттік грантқа өтінім берген тұлғаның талапта көрсетілген санатқа жататынын не жаратпайтындығын анықтау business.enbek.kz порталы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.
Грант алушылар мемлекеттен берілетін қаржылай қолдаудың сұрауы бар екенін де назардан шығармауы тиіс. Оң қорытынды алған азаматтар туралы ақпарат жергілікті мемлекеттік кірістер органдарына беріледі. Грант алушыларға 1 жыл көлемінде салықтық төлемге, жұмыспен қамтыған азаматқа жалақы төлеуіне мониторингтік жұмыстар жүргізіледі. Жұмыспен қамту орталықтары да грант алушылармен кездесіп, жұмыс барысын бақылап отырады. Ал жоба жеңіске жетіп, жұмыс істемесе ол азамат қаржыны мемлекетке қайтаруға міндетті. Яғни мемлекеттік грант қаржысын жобадан тыс мақсатта қолдануға болмайды. Мысалы, өткен жылы облыста 100-ден аса азамат грант қаржысын мемлекетке қайтарған.
Ескере кететін жайт, қалалық жұмыспен қамту қызметкерлерінің атын жамылып «Грант алып беремін» деп тұрғындарды алдаған «А» есімді алаяқ та бар. Бірнеше азаматтың арызына сәйкес құзырлы органдарға хабарлама беріліп, халықты алдаған азаматшаның ісі сотта қаралуда. Сондықтан алаяқтардың құрбаны болмау да маңызды екенін естен шығармау керек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!