Бүгін баспасөз орталығында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай отбасы институтын дамыту бағытында атқарылған іс-шаралар туралы айтып өтті.
– Ел Президентінің қолдауымен қала бойынша үлкен жобалар жүзеге асырылып келеді. Оның дәлелі – биыл ұлттық тәрбиеге негізделген «Анаға тағзым» орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мұнан бөлек, 15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай қала бойынша 50 мәдени – көпшілік іс-шара өтеді, – деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.
Қала әкімдігімен жыл сайын әлеуметтік жоба аясында өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңі өткізіліп келеді.
Аталған конкурсқа қала көлемінде 2014-2022 жылдар аралығында 200-ге жуық отбасыдан өтінім келіп түсті. Айтулы шараға қатысуға ниет білдірушілер саны жылдан жылға ұлғайып келеді. Дәстүрлі түрде өткізілетін бұл конкурсқа биыл 15 мамыр мен 15 маусым аралығында құжаттар қабылау жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 2021 жылдың 26 сәуірінен бастап қала мен кент, ауылдық округтерінің белсенді әйел азаматтарының бірігуімен «Қызылорда қалалық әйелдер Кеңесі» қоғамдық бірлестігі жұмыс атқарып келеді. Кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес ұғынықты ұрпақ тәрбиелей білген ардақты аналардың еңбегін насихаттау мақсатында «Бегім ана» аналар клубы өз жұмысын атқаруда. Отбасы институтының дамуына, жас отбасыларға рухани тәрбие беруге, сондай-ақ, ана мен бала мәселелеріне байланысты бұл ұйымдардың жұмысы айрықша маңызға ие.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!