Бүгінгі біздің бағытымыз – Қарауылтөбе ауылдық округі. Орайы келгенде айта кетелік, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қалаға қарайтын ауылдардың тыныс-тіршілігін жазуды дәстүрге айналдырдық. Мақсатымыз – ауылдың тіршілігін көзбен көріп, көңілге түю, шынайы ауылдың бейнесін сол қалпында оқырманға жеткізу.
Қарауылтөбе атанудың сыры бар…
Қазақта «ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген өсиетті сөз бар. Алдымен мұндағы елге сыйлы қария, ауылдың ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Досмахановпен тілдесіп, ауыл тарихын сұрадық. Көнекөз қарияның айтуынша, елімізде Қарауылтөбе деген үш ауыл бар. Мұнан бөлек бұл атаумен аталатын тау, шоқы, сілем кездеседі. Демек, Қарауылтөбе деген сөз құлаққа жат емес, әр өңірдің тарихынан сыр шертеді. Ал біздің бағыт басқа, қалаға қарасты ауылдық округ. Әйткенмен мұның да ішке бүккен сыры бар. Дүкенбай каналының шығыс бетінде биік төбе көрінеді. Қарауылтөбе дегеніміз осы. Ауылдың аталуы да осыған қатысты.
– Аймақтағы Қаратөбе, Келінтөбе, Жалғызтөбе, Балапантөбе, Тектұрмас, Абызтөбе, Ақтөбе секілді Қарауылтөбе де бір төбе, онда жаугершілік заманда төңіректі бақылаған күзетші отырған. Алда-жалда жау шапса, белгі беру орны болды. Кешеге дейін айналасында сүйек шашылып жатты дейді көпшілік. Оны зерттеуге журналист Мырқы Исаев көп еңбек сіңірді. Басына белгі қойды. Мұның бір себебі мынау: өткен ғасырдың отты отыз жетінің ойранында «халық жауы» дегендер осында әкелініп, атылды деген болжам бар. Бүгінде төңірегі зират, бару жолы жабылған. Мал ұстаған кәсіпкерлер қоршау қойып, ескі сүрлеу егесіз қалды.
Мұнан бөлек, ауылдың батыс жағында Наурызбай белгісі тұр. Бұл қай Наурызбай, оны ешкім білмейді. Мұны тарихшы-ғалым Бақытжан Ахметбектен сұрастырып көрдік. Тарихшы-ғалым «Жаппас руында Наурызбай деген белгілі тұлға болғаны анық. Бірақ оның жерленген жері ол аймақта емес. Алтындар көтерілісіне байланысты көп адам сол маңайда атылды деген болжам бар, – деді. Ертеректе халық әртісі Асанәлі Әшімов та сол жерге барып көрген екен. Бірақ не үшін барды, нені іздестірді, оның да құпиясы өзінде. Естуімізше, бір батырдың сүйегі жатыр дейді-мыс. Ол аңыз ба, ақиқат па, тарихқа терең үңілу керек, – дейді қарт.
Кейбір деректе бұрын ру-ру болып, өз алдына отырған шағын ауылдар бұл төңіректе аз болмапты. Негізінен тарихи деректе Қарауылтөбе елді мекенінің іргетасы 1929 жылы қаланды дейді. Олай дейтіні, 1929-1992 жылдар аралығында Сырдария ауданы бұрынғы Комсомол (қазіргі Қызылжарма) ауылдық кеңесінің құрамында болды. Ал 1992-2005 жылдарда Сырдария ауданы, Абай (Қосшыңырау) совхозының құрамына кірді. Қарауылтөбе ауылы 1997 жылдан Қызылорда қаласына қарайды.
Өткен ғасырдың 1929 жылы кішігірім Алтынбай, Шортанкөл, Соркөл, Алтықұлаш, Наурызбай және Қарлықұм ауылдарының біріктірілуі негізінде Қарауылтөбе ауылының негізі қаланып, орталығы Қызылорда қаласында орналасқан Сырдария ауданына қарасты «Қызылжарма» ауылдық кеңесінің қарамағына өтті.
Күріш тәжірибе алаңы болған
1933 жылдан бастап КСРО халық комиссариаты бүкілодақтық күріш тәжірибе стансасы (Краснодар қаласы) жүйесінің Қызылорда күріш тәжірибе танабы атауымен белгілі.
1950 жылдың шамасында Ленин атындағы бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясы филиалының қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жүйесі Қызылорда күріш тәжірибе танабының күріш және ауыспалы егіс дақылының жаңа сортын шығарып, өсіру технологиясын әзірлейтін «Қарауылтөбе тәжірибе станциясы» ғылыми және өндірістік базасы болып қайта құрылған.
Сырдария ауданы бойынша күріш егумен Абай, Жамбыл атындағы совхозбен қатар күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығы да айналысты.
Қызылорда су тоспасын 1956 жылы пайдалануға бергеннен кейін, Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығына күріштік жерлерді дайындауға қосымша қаржы бөлінді.
Аудан көлемінде күріштен мол өнім алуды мақсат тұтқан қазақ күріш жөніндегі ғылыми зерттеу институтының Қарауылтөбе тәжірибе шаруашылығына көп жылдар бойы ауылшаруашылығына еңбегі сіңген ғалым Әшім Ибраевтың еңбегі зор. Кейіннен институт директоры Ә.Ибраев жоғары өнім беретін «Маржан» сортына қолдау көрсетті.
Қарауылтөбе колхозы құрылған алғашқы жылдары Ленин орденінің иегері Дүзелбай Қарабалаев басқарды. Қиын-қыстау уақыт, шаруаның барлығы қолмен атқарылды. Көрші отырған бау-бақша егумен айналысатын Сталин колхозында темір доңғалақты екі трактор болды. Сол себепті колхоздың егістік алқабында көкөніс-бақша өнімін көптеп егетін.
Білім ұясын басқарғандар
Ауылда 1938 жылы алғашқы үш кластық бастауыш мектебі ашылды. Кейіннен 1967 жылы 192 орындық сегіз кластық жаңа мектеп бой көтеріп, ол 1973 жылы №179 орта мектепке айналды.
Мектепті алғашқы ұйымдастырушылар Асқар Меңліханов, Қыдырма Кәрібаев, Сара Есенова, Павел Ли Афанасьевич, Қалыбай Бегдуллаевтар болды.
Кейінгі жылдары №179 орта мектепті Әбубәкір Әбілсанов, Құдайберген Әбдіғалиев, Ақтай Мұстафаев, Мұхамбетжан Әлімбетов, Мәлік Науанов, Сақтапберген Бермағанбетов, Әбсаттар Әбдіғаппаров, Зухра Абибуллаева, Мұхтар Беркінбай, Гүлзада Нұртасова басқарды. Бүгінде тарихы терең білім ордасын Асқар Садықов басқарады.
№12 кәсіптік-техникалық училищесі 1975-1985 жылдар аралығында Қарауылтөбе ауылындағы типтік жобадағы оқу, жатақхана мен асхана ғимараты бар орынға қоныс тепті. Училищеде кең көлемді тракторист-машинист және автомобиль жүргізушісі, аспаз, есепші, құрылыс, токарь мамандықтарына басымдық берілді. Училищені ұзақ жылдар бойы Жақып Әбдіхалықов басқарды. Осындай шежірелі тарихы бар ауылға атақты ақын Сырбай Мәуленов өлең арнапты.
Шыққан ерлер бұл төбеге
Батырлықтың жалауын ап,
Шыққан ерлер бұл төбеге
Төңіректі қарауылдап.
Биігінен көрінеді
Сыр бойының әр адыры.
Сондықтан да осы төбе
Атанған жер қарауылы.
Бүгінгі ауыл келбеті
Кезінде сыр салысын өсірумен даңқы шыққан Қарауылтөбе бүгінде үш мыңға жуық адамның құтты қонысы. Жаңа заман лебімен алға адымдаған ауылдың бюджеті бүгінде 125,953 млн теңгені құрап отыр. Салықтық түсімдер 7 млн 30 мың теңгеге жеткен. Бүгінде оның 140 пайызы орындалған.
– Ауылдық округте 150 орындық ауылдық клуб үйінің құрылысын жүргізу үшін «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 274,4 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы «Өмірзақ» ЖШС жеңімпаз атанып, қазіргі таңда құрылыс жұмысын жүргізуде. Округтегі жаңадан қоныстанушы аумақтағы жалпы ұзындығы 8,55 шақырымды құрайтын 14 көшеге 303,241 млн теңге бөлініп, «Ақтоған» ЖШС-мен қиыршық тас төсеу жұмысы жүргізілуде.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 25,1 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз боп танылған «Айзон» ЖШС-мен округтегі Желтоқсан көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. «Строй модуль-Астана» ЖШС басшысы Жасұлан Шамұратов өз қаржысына 2022 жылы құны 17 млн тұратын балалар ойын алаңын салып, ауылдағы балақайларға базарлық жасады.
Ал «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, нәтижесінде «Азия Голд Контракшн» ЖШС жеңімпаз болып, 2,211 млн теңгеге жарықтандыру бағанасын орнату жұмысын жүргізді. «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып танылған «Элком» ЖШС 2023 жылға ауыспалы негізде округ бойынша электр желісін орнату жұмысын жүргізуде, – дейді ауыл әкімі Еркін Ахетов.
Ауыл басшысынан болашақ жобалары туралы сұрадық. Әкімнің айтуынша, округке кіре беріс жолдың бойына және С.Байсейітов көшесіне жаяу жүргінші жолының жоба-сметалық құжаты мен мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалып, құрылыс жұмысына 113,1 млн теңге бөлінген. Қазір мемлекеттік сатып алу заңына сәйкес конкурс жарияланып, мердігер мекеме анықталуда. Ал Ж.Әбдіхалықов, А.Құнанбаев, Желтоқсан көшелеріне жаяу жүргінші жолының құрылысы бойынша жоба-сметалық құжат пен мемлекеттік сараптама қорытындысы дайындалып, құрылыс жұмысына қаржы қаралған. Қазір конкурс жарияланып, мердігер мекеме анықталуда. Сондай-ақ жаңа қоныс аумағының 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12 көшелеріне жаяу жүргінші жолының құрылыс жұмыстарына бюджеттік өтінім ұсынылған. Жаңа қоныс аумағының 1, 3, 5 көшелеріне жарық бағанасын орнату жұмысы үшін 57,6 млн теңге бөлінген. Ауылдық округтің жаңа қоныс аумағындағы спорт алаңына жоба-сметалық құжат пен мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмысы жүргізілуде екен. Ең бастысы ауыл халқы үшін жол мен жарық мәселесі жуық арада шешілмек. Ауылдағы тарихы терең А.Хангелдин атындағы №179 орта мектебінің ғимараты жаңадан салынған. Құрылысы 2010 жылы басталып, 2011 жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген. Мектеп 250 орынға арналып салынған. Қазіргі таңда 2 ауысымда 505 оқушы білім алуда. Мектеп жанында 40 балаға арналған «Нұрбөбек» шағын орталығы жұмыс жасайды.
Мешіт – имандылық үйі
2020 жылы Қарауылтөбе ауылында 300 орындық жаңа мешіт ел игілігіне берілген. Мешіттің құрылысына осы ауылдың бұрынғы тұрғындары саналатын Рахматуллаевтар әулеті демеушілік жасаған. Дәлірек айтсақ, аталған әулеттің келіні Айжан Жәкішованың бастамасын әулет үлкені Нұрмаханбет ақсақал қолдап, имандылық үйі осындағы «Мәңгілік алау» ескерткіші тұрған жерден ірге көтереді. Бұған қоса, демеуші азамат ауыл орталығындағы «Мәңгілік алау» ескерткішін қайта жаңғыртудан өткізген. Мешіт барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтылған. Дәстүрлі ислам үлгісінде салынған құлшылық үйінде бір мезетте 250-300 адам намаз оқи алады. Мұнан бөлек, шәкірттер дәріс алады. Сонымен қатар рухани орынмен іргелес имамға арналған екі бөлмелі тұрғын үй ғимараты бой көтерген.
Руханият бесігі – кітапхана
Қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №7 кітапханада барлығы 13015 кітап қоры бар. Кітапхананың бір шетіне М.Әуезовтің кітаптарынан «Абай» бұрышы жасақталыпты. Ол жазушының бас ақын туралы еңбектері мен «Абай жолы» роман-эпопеясынан құралыпты. Ал бір жақ қабырғадағы сөре биылғы мерейтой иелеріне арналған. Ұлы тұлғалар туралы танымдық материал, кітап, журналмен толысқан. Оның ішінде әлеуметтік саяси кітап – 2047 дана, жаратылыстану, денсаулық жайлы – 1013 дана, техникалық, ауылшаруашылық саласы жайлы – 1817 дана, спорт, туризм және өнерге қатысты – 754 дана, тіл білімі және көркем әдебиет – 7906 дананы құрайды. 800-ден аса оқырман тіркелген. Оның ішінде ересегі – 302, жасөспірімі – 132 және балалар саны – 366-ны құрайды. Сонымен қатар мұнда сегіз салаға қатысты, әдебиет, проза, поэзия тағы басқа да бағытты қамтыған кітаптар бар. Кітап қоры аз емес. Қажетті кітап сұраныс арқылы жеткізіледі. Ал осыншама байлықты іздеуші бар ма екен? Бүгінгідей телефонға телмірген мезетте жастар кітап оқымайды деп жатады. Көкейдегі бұл сауалға да қонымды жауап алдық. Кітапханашы 800-ге жуық оқырман барын мақтанышпен жеткізді. Оның ішінде зейнеткер, жастар, оқушы, ұстаздар бар. Ол заманауи үрдістен қалмай, жастардың талабына сай болуды көздейді. Кітапханада конференция, мерекелік шара тұрақты өткізілуде.
Елге ардақты жандар
Танымал актриса Әлия Арысбайқызы 1960 жылдан бастап ата-анасымен Қарауылтөбе ауылында тұрған. 1965 жылы өнерге деген құштарлық оны Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетіне жетелеп келді. Кеңес Одағының халық артисі Хадиша Бөкееваның курсына қабылданды. 1973 жылы кәсіби актер мамандығын алып Қызылорда облыстық драма театрына жұмысқа орналасты.
Әлия Арысбайқызы өзінің 40 жылдық өнер жолында, 25 жылдай театрда танымал спектакльдерде бас кейіпкер рөлін сомдады. Алғашқы қадамынан-ақ шығармашылық биік талапты қоя білген өнерпаз әрбір рөлімен өнер биігіне өрлей білді. М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айманды, «Еңлік-Кебегінде» Еңлікті, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақтоқтыны, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» Ақбөпені, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында»-Майраны, Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесуінде» – Гүлжанды сыршылдықпен, сезімталдықпен бейнелеп, психологиялық тереңдікпен жеткізе білуі елдің сүйіспеншілігіне бөледі. Әр рөлде таланты ашылып, сахналық шеберлікті меңгерді. Еліміздің атақты драматургтері Садықбек Адамбековтың, Сәкен Жүнісовтің, Дулат Исабековтің, Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармаларында басты кейіпкерлерді сахнаға шығарды.
Ал осы ауылда тұратын Досмахановтар отбасы «Мерейлі отбасы – 2018» байқауының жеңімпазы. Қарауылтөбе ауылдық округінде шаруашылықтың өрісін кеңейтіп отырған отбасылардың бірі. Амангелді Досмаханов 1982 жылы астық тасуда үздік көрсеткішке жеткені үшін ІІІ дәрежелі еңбек даңқы орденімен марапатталып, кезектен тыс «Нива-212» автомашинасын алған. 10 перзентті өмірге әкелген батыр ана Нәзипа әжей сауыншы болған. 1975-1977 жылдары облыстық кеңестің және Сырдария аудандық кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болып сайланған. Сонымен қатар Қарауылтөбе күріш-тәжірибе шаруашылығына мал шаруашылығының жем-шөп бригадирі және автомашина жүргізушісі, қырман меңгерушісі болып түрлі салада еңбек еткен.
Бұл отбасы үрім-бұтағын жайқалтып өсіріп, ұлты мен жұртына адал еңбегімен, өнегелі тәлім-тәрбиесімен танылып жүр. Аманкелді ағамыз бен Нәзима апай 60 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 6 қыз және 4 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған қарапайым еңбек адамдары. Отағасы Амангелді Досмаханов – зейнеткер, ауылдың құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы. Халық атынан ақ сөйлеп, ауылдағы күрмеуі қиын мәселелердің шешілуіне ұйытқы болып отырған елге сыйлы қария.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!