Жұма, 27 желтоқсан, 10:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

99 жоба: Қалада біраз мәселе шешілмек

25.02.2023

1029 0

Биыл қалада ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Аталған жобалар жүзеге асса, тұрғындар көкейінде жүрген бірқатар мәселелер оң шешімін табады. Бұл жөнінде қала әкімі Асылбек Шәменов қалалық қоғамдық кеңес отырысында баяндады.

Есепті кездесуге қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, кеңес мүшелері, қала әкімінің орынбасарлары, ауыл және кент әкімдері, сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Қала басшысы көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі зор екенін атап өтті.

– Өткен жылдың бедерінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Түрлі талқылаулар болды, нәтижесі жақсы. Оны халық бақылап отыр, – деп қала әкімі қаладағы атқарылған шараларға кеңінен тоқталды.

Құрылысы қарқын алған қала

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында былтыр жалпы құны 7 млрд 151,2 млн теңгені құрайтын 530 пәтерлі 15 көпқабатты тұрғын үй халық игілігіне берілді. Оған қоса облыс әкімінің бастамасымен аймақ орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Оларға 1,6 млрд теңгені құрайтын неке сарайы, 3,7 млрд теңге болатын 1000 орындық көпфункционалды кешені және 2,8 млрд теңгені құрайтын облыстық қан орталығының құрылыстары жатады. Қала басшысының айтуынша, бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ.

Сонымен қатар белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды. Инфра­құрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 12 млрд теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалының құрылысы басталды.

Сондай-ақ қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Міне, сол кезде қала аумағын сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік мол.

– Балалар жылы аясында облыс әкімінің бас­тамасымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен қала және оған қарасты кент, ауылдық округтерге барлығы 50 ойын-спорттық алаң салынды. Сонымен бірге көппәтерлі тұрғын үй аулаларына бюджет есебінен 3 спорттық ойын алаңын салуға 52,5 млн теңге бөлініп, пайдалануға берілді, – деді қала әкімі.

Инфрақұрылымды дамыта береміз

Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен 1 млрд 430,2 млн теңге бөлініп, оған 136,2 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері жүргізілді. «Әл-Фараби» ауданындағы ауызсумен қамтылмай қалған аумақтарға ауызсу желісін тарту үшін 241,8 млн теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 16,5 шақырымдық ауызсу құбыры тартылды. «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы тұрғын сектордың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд 6 млн теңгеге қуаттылығы 7200 текше метр болатын 7 ұңғыма, 3 резервуардың құрылысы басталды.

– Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Бәйтерек» және қосымша Шанхай, КБИ тұрғын аудандарында орналасқан жеке тұрғын үйлерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз, – деді А.Шәменов.

«Сабалақ» саяжайына газ бара ма?

Газ желісі тартылмаған елді мекендердің бірі – Ақсуат ауылдық округі. Аталған округке 2022 жылы республикалық бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жалпы газдандыру жобасының құны 4,8 млрд теңгені құрайды. Ағымдағы жылдың сәуір айында ауыл тұрғындары толықтай көгілдір отынның игілігін көреді.

– Ашығын айтуымыз керек, газға қосылмаған тағы бірнеше ауылымыз бар. Оларға да нақты жобалар әзірленді. Биыл газдандыру жобасына Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Абай, Досан елді мекендері енді. Оған Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 662,7 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде.

Одан бөлек, демеушілік тарапынан құны 97 млн теңгеге Тасбөгет кентіндегі Сабалақ саяжайын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджеттен 511,2 млн теңге бөлініп, Талсуат, Қарауылтөбе ауылдық округтерінде 150 орындық ауыл клубының құры­лыстары жүргізілуде. Биыл бұл нысандар пайдалануға беріледі, – деді қала әкімі.

Көпшілікке арналған көшелер мен көпірлер

Қаладағы және қалаға қарасты елді мекендердегі жолдарды жөндеуге жергілікті бюджеттен 3 млрд 200 млн теңге бөлінді. Оған жалпы ұзындығы 83,4 шақырымды құрайтын 86 көшеге орташа жол жөндеу және жол құрылысының жұмыстары жүргізілді. Айталық, 99 млн теңгеге С.Бейбарыс көшесінен «Қызылжарма» каналы Назарбаев даңғылына дейін магистральды көше құрылысы толығымен аяқталды. 35 көшеге 390 млн теңгеге қиыршық тас жол құрылысы, 50 көшеге 2,7 млрд теңгеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ былтыр бастау алған жалпы құны 225,2 млн теңге болатын Белкөл кентінде теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірін аяқтауға облыстық бюджеттен биыл 125,6 млн теңге бөлініп, құрылысы жүргізілуде. Көпір жуық арада пайдалануға берілмек.

Қызылжарма каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына қарай көпір құрылысын салуға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз мекеме анықталды. Биыл аталған нысанды толық аяқтау үшін Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен 366,7 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Жаңа автобустар келді

Жолаушылар тасымалын жақсарту мақсатында «Өнер­кәсіпті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы лизингке жаңа үлгідегі 150 автобус сатып алу жоспарланып, 100 данасы былтыр жеткізіліп, тиісті және қосымша бағыттарға қосылды.

– Осы жылдың ақпан айында 31 автобус келіп, жаңа бағыттарға енгізілді. Енді наурыз айының ортасына дейін 19 транспорт жеткізілсе, межені толық орындаймыз.     Одан бөлек, 2023 жылға 1 млрд 434 млн теңгеге қосымша лизингке 150 автобус сатып алуға қаржы бағыттау үшін тиісті құжаттары рәсімделуде. Біз бұл автобустар арқылы қаладағы қоғамдық көлік қатынасындағы түйткілді мәселелерге нүкте қоятын боламыз, – деп баяндады қала басшысы.

Сонымен қатар көлік қатынасын реттеу үшін облыстық бюджеттен 164,9 млн теңге бөлініп, қала аумағындағы 10 көшеге жаңа бағдаршамдар орнатылды.

Қала тазалығы – назарда

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты санитарлық тазалық жұмыстарына қаладағы 824 көшенің 240-на жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, күнделікті тазалау жұмыстары жүргізілуде. Ал қалған көшелерді «Қызылорда тазалығы» мекемесі өз күшімен атқаруда.

Тазалық мекемесінің техникалық базасын жаңғырту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен бюджеттен 525,6 млн теңге қаражат бөлініп, өткен жылдың соңында 11 арнайы техника сатып алынды.

Қызылорда қаласын аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 487,5 млн теңгеге 33 ұңғыманы бұрғылау жұмысы жүргізілді. Қазірде қалада, оған қарасты кент және ауылдық округтерде жерасты су ұңғымалары арқылы арық жүйелеріне тіршілік нәрі жіберілуде.

Білім саласындағы жетістіктер

Облыс әкімінің тапсырмасымен, білім беру ұйымдарында орын тапшылығы мен үш ауысымдық оқытуды болдырмау мақсатында №2 мектепке 550, №101 мектепке 375 және №264 мектепке қосымша 550 орын қосу үшін қосалқы құрылысқа қажетті 1,4 млрд теңге бөлініп, жұмыс басталды.

Жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен «Сабалақ» саяжайынан 300 орындық, Шанхай шағын ауданында 1500 орындық жеке мектептің құрылысын жүргізіп, білім күнінде пайдалануға берілді. Айта кету керек, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп құрылысы да жаңа оқу жылына дейін аяқталып, оқушыларды қабылдайды.

– Биыл тұрғын үй құрылысын дамытуға әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға ірі жобалар жүзеге асады. Атап айтқанда, осы жылы сол жағалаудан жалпы құны 1 млрд 604,3 млн теңгені құрайтын 84 пәтерлі 7 қабат­ты 6 тұрғын үйдің іргетасы қаланады.

Өткен жылы құрылысы бастау алған жалпы құны 8 млрд 632,8 млн теңгені құрайтын 13 тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілмек. «Сәулет» шағын ауданы, Абай даңғылы және Мұратбаев көшелерінде орналасқан тұрғын үйлердің кварталаралық жылу жүйелерін қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 922,7 млн теңге бөлінді.

Ал «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи үлгідегі 8 мектеп салу жоспарлануда. Оның бесеуінің құрылысы биылғы жылы басталады, – деді А.Шәменов.

Одан бөлек, 455,5 млн теңгеге Жезқазған трассасы бойынан 600 орындық, сол жағалаудан 400 орындық және 300 орындық жатақханасымен физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізіледі. Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 3 млрд 272,4 млн теңге бөлінді. Тасбөгет кентінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуға облыстық бюджеттен 542,1 млн теңге қаралды.

Биыл қанша көше жөнделеді?

Есепті кездесу барысында қала әкімі биылғы атқарылатын жобаларға да тоқталып өтті.

– Биыл бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы сомасы 7 млрд 559,2 млн теңгеге қала мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 231 көше жөнделеді. С.Бейбарыс көшесін (Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейін) реконструкциялауға республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 349 млн теңге бөлініп отыр.

Одан бөлек, С.Бейбарыс көшесін, яғни Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздік даңғылына дейін абаттандыруға 300 млн теңге қаралып, биыл құрылысы басталады, – деді қала басшысы.

Сонымен қатар 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салуға облыстық бюджеттен 690 млн теңге берілді. Сырдария өзенінің сол жағалауында басты көше жолының «Батыс Еуропа − Батыс Қытай» дәлізімен жанасатын тұсына көлік айырығын салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 5,7 млрд теңге бөлініп, бұл жұмыстар биыл толығымен аяқталады.

Соңғы жылдары тұрғындар арасында жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – көпірлер құрылысы. Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысына Ұлттық қор және облыстық бюджеттен 320,6 млн теңге бөлініп, алдағы айларда құрылыс-монтаж жұмыстары бастау алады.

Сонымен бірге Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өтпесін салуға жоба сметалық құжаттамасын сараптама қорытындысымен әзірлеуге облыстық бюджеттен 51,2 млн теңге бөлініп, құжаттары рәсімделуде. Абаттандыру жұмыстары сол жағалаудағы Абылай хан даңғылында да жалғасын табады. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 595,2 млн теңге бөлінген. Көпқабатты тұрғын үйлер ауласын толығымен абаттандыруға 300 млн теңге бөлінді.

– Өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 555,7 млн теңге бөлініп, 11 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Яғни, 12 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Шаһарымыздың инфрақұрылымын дамытуға арналған қосымша жобаларымыз да бар. Ол үшін тиісті министрліктерге құны 44 млрд 203 млн теңгеге инфра­құры­лымды дамытуға (тұрғын үй құрылысы, ауызсу және кәріз су, жол құрылысы және қайта жаңғырту, газбен жабдықтау жобалары) 68 жоба және «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша қосымша 5 млрд 385 млн теңге 31 жоба (қиыршық тас төсеу, Баймұрат ауылына дәрігерлік амбулатория, Досан елді мекеніне медициналық пункт салу, электр желісін жүргізу, жарық бағаналарын орнату, жаяу жүргіншілер жолын салу жобалары) ұсынылды. Барлығы 99 жоба, жалпы сомасы 49 млрд 588,9 млн теңгені құрайды, − деді қала әкімі.

Қоғамдық кеңес отырысында сұрақ-жауапқа кезек берілді. Әрбір сұраққа нақты жауап берген қала әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма берді. Сондай-ақ ол тапсырмалар назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ал қалалық кеңес төрағасы С.Дүйсенбаев қала әкімінің есепті кездесуіне оң бағасын беріп, сәттілік тіледі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: