Сейсенбі, 24 желтоқсан, 05:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Адам өлуі керек пе?» Қызылордада апат жағдайындағы үй тұрғындары қорқынышпен өмір сүріп жатыр

22.08.2023

1064 0

Қызылордада апатты үйдің тұрғындары қорқыныштан «шыбын жанын шүберекке түйіп» отыр. Жергілікті билік Тасбөгет кентіндегі бірнеше үйді апатты деп танығанмен тұрғындарды көшіруге асығар емес, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Наурыз көшесіндегі қос қабатты 28-үй шамамен 45 жыл бұрын салынған. Үй деген аты ғана, әйтпесе, әлдеқашан күйі қашқан. Адамдар басқа барар жері болмағасын паналауға мәжбүр.

 Осы үйдің тұрғындарының бірі Сандуғаш Мырзахметова. Ол 2017 жылдан бері осында тұрады. Цементі жарылған, шатыры ұшып кеткен, қырық жамау үйді паналап отыр.

«Төменгі қабаттағылар қыста от жағады. Жоғарғы қабат орталық жылу жүйесіне қосылған. От жаққанда көршілер түтін кіреді деп жақтырмайды. Адам өлмей қарамайды бізге. Бізді мына үйден көшіру үшін адам өлуі керек пе», – дейді ол.

Үмітхан Сүлейменова мұнда 1995 жылы көшіп келген. Бірақ тиісті орындар екі жылдан кейін үйді газ бен жылудан ажыратып тастаған.

«Содан бері от жағамыз. Әркім отын-көмірді қаппен тасиды», – деді ол.

 Жасы сексенге таяған Ақсалы Қаласова төрт немересін жалғыз асырап отыр. «Бәрінен бұрын балаларға зардабы тимесе екен» деп тілейді. Салынған кезде-ақ қоныс тепкен ол үйдің жөндеуден өткенін бірде-бір рет көрмепті.

«Сүйегі мықты болғасын ғана шыдас беріп тұр. Күз де келіп қалды. Күн суыса, қайда барамыз?» – деді кейуана.

Көршілес 27-үйдің жағдайы да осындай. Өжіре суға толы, тұрғындар жаз бойы масамен алысып шығады. Қыста қабырға сыз тартып, иісі қолқаны қабады.

«Екі бөлмеде сегіз адам тұрып жатырмыз. Оның біреуіне ДЦП диагнозы қойылған. Үш-төрт кілемді, төрт-бес көрпені қабаттап саламыз. Екінші қабаттағылардың өзі сөйтеді. Әйтпесе, қабырғаның суығы өңменіңнен өтіп кетеді», – деді апатты үй тұрғыны Гүлзада Серікбайқызы.

 Тұрғындар подъезге дейін өз күшімен әктеп-сырлап үйренген. «Ескінің аты — ескі. Еңбегің көрінбейді. КСК ақша жинаудан басқаны білмейді», – деді Гүлзада Серікбайқызы.

Екі жыл бұрын үй кезегіне тіркелген тұрғындар қоныс тойын қашан тойлайтынын білмейді. Тиісті орындар да мардымды жауап берген емес. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: