Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 17:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әрбір істі халықпен ақылдасу керек

16.08.2022

1228 0

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты биылғы Жолдауында жергілікті билік өкілдерінің ашық түрде елмен кездесу қажеттігін атап өткен болатын. Осыған орай қала әкімі Асылбек Шәменов жергілікті тұрғындармен кездесу өткізуде. Кездесу кестесіне сәйкес қала басшысы алдымен Белкөл, Тасбөгет кенті тұрғындарымен жүздесті. Қала әкімімен бірге кездесуге қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстық мәслихат депутаты Жорабек Нұрымбетов қатысты.

Белкөлдегі басты мәселе шешімін тапты

Қала әкімі алдымен Белкөлдегі балаларға арналған спорт сауықтыру кешеніне барды. Спорт кешенінде 300-ге жуық бала тәрбиеленуде. Бұл спорт кешені 2019 жылы пайдалануға берілген. Содан бері талай дүбірлі додада аймақ абыройын асырып жүрген жасөспірімдер саны артып келеді.

– Спортпен шұғылданатын жастардың болашағы зор. Стамбулда өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз болған шәкірттер бар. Сонымен қатар Москва қаласын­да ұйымдастырылған Әлем кубогы сайысында Сыр елінің даңқын асырған спортшыларымыздың болашағы зор екенін айтқым келеді. Мемлекет қолдауымен жеке кәсіпкерлік аясында кешен өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта кешен құрылысын арттырып, жастарды өнер үйірмелеріне де баулу жоспарлануда, – дейді спорт кешенінің директоры Руслан Алматов.

Қала әкімі кешен жұмысын жоғары бағалап, әлі де дамыту қажеттігін атап өтті. Содан соң теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысымен танысты.

Кент тұрғындары бұл мәселені бірнеше жылдан бері айтып келеді. Жаяу жүргіншілер көпірінің құры­лысы биыл басталды. Жоба құны – 225,2 млн теңге. Мердігер мекеме «GoIden City DS» ЖШС болып бекітілген. Құрылыстың бас жобалаушысы – «Проект Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл қазан айында құрылыс толық аяқталып, халық игілігіне ұсынылады деп күтілуде.

Кент тұрғындары әкіммен кездесуде жол, жарық, ауызсу мәселерін көтерді. Халықты толғандыратын әлеуметтік мәселе­лерге байланысты қала әкімі айтылған ұсыныстар мемлекеттік бағдарламалар аясында реттілігімен шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ көпір құрылысының сапалы орындалуын өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

– Белкөл кенті маған бөтен емес. Мұндағы әрбір мәселе – ұдайы назарымда. Енді тұрақты түрде сіздермен кездесіп тұра­мын. Жаңа Қазақстанды құру жолында елмен етене араласып, халыққа қажетті шаралардың барлығы жасалады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жұмыстар жасалып жатқаны елдің назарында. Оның ішінде «Өңірлерді дамыту 2020-2025» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары барысында кентке ауыз су тарту, жол жөндеу, көше шамдарын орналастыру мәселесі ретімен іске асырылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» аясында арнайы жобалар қаржыландырылып, басқа да қажетті шаралар қолға алынуда. Мұның барлығы – тұрғындар әлеуетін арттырудағы жоспарлы жұмыстар, – деді қала әкімі.

Бұл жолғы халықпен кездесу еркін форматта өтті. Әдеттегідей ұзын-сонар баяндама оқылып, сандар жиынтығымен жалғасқан жоқ. Билік пен бұқара арасында ашық диалог орнады. Ендігі мәселе айтылған ұсыныстан оң нәтиже шығарып, әлеумет мәселесінің оңынан орындалуы. Бұл – елдің тілегі.

Тасбөгеттегі түйткілді мәселе қандай?

Қала әкімінің кезекті кездесуі Тасбөгет кентінде жалғасты. Келелі кездесуде 35 мыңға жуық тұрғыны бар кенттің әлеуметтік мәселері талқыланып, оның шешілу жолдары қарастырылды.

Қала әкімі алдымен «СК Қызылорда строй монтаж» ЖШС меншігіндегі темір-бетон өндіру цехында болды. 

– Цехта 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба құны 300 млн теңге. Мұнда диаметрі 1,5 және 2 метрлік бетон сақиналар және әртүрлі сым өндіреді. Атап айтар болсақ, торшалар мен қоршауларға арналған қатты металдан жасалған сымдардан халыққа қажетті өнім өндірілуде. Сұраныс жоғары. Қала халқын толығымен қамтамасыз етіп, өзге өңірлерге де экспорттау жоспарлануда. Заманауи талапқа сай  жұмыс­шылардың тәжірибелерін жетілдіруді қолға алсақ деп отырмыз. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс барысын жетілдіріп, жұмысшылар санын арттырсақ деген ойымыз бар. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, басқа да өнімдер өндірсек деген жоспарымыз бар, – дейді цех директоры Александр Ким.

Бүгінгідей экономикасы алмағайып кезеңде өндіріс жұмы­сын арттыру бізге ауадай қажет екенін айта кету керек. Қала әкімі цех жұмысын толық аралап көріп, қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Тасбөгеттегі түйткілді мәселенің бірі – медициналық нысан. Жергілікті тұрғындар жаңа емхана салынса деген ұсыныстарын көптен бері қозғап келеді. Осыған орай халық бұйымтайы ескеріліп, жеке кәсіпкер есебінен кент орталығында жаңадан биометриялық лаборатория құрылысы жүріп жатыр.

Медициналық нысан іске қосылғасын он екі адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Құрылыс жұмысы келер жылы маусым айында толығымен аяқталады деп күтілуде.

Кент орталығындағы көпқабатты тұрғын үй

Әкім аялдаған келесі нысан кент орталығында бой көтеріп жатқан көпқабатты 53 пәтерлі тұрғын үй. Жалпы ауданы 3 339 метр аумақты алып жатқан көпқабатты тұрғын үй «Фирма «МТО-Центр» ЖШС есебінен салынуда. Құрылыс биыл қараша айында толығымен аяқталып, пайдалануға берілмек. Бұл тұрғын үй кезегінде тұрған тұрғындарға ұсынылмақ. Асылбек Шәменов құрылыс қарқынын арттыруды тапсырып, сапалы орындалу қажетігін жеткізді.

Қала әкімі №11 мектеп-лицей ауласында кент тұрғын­дарымен кездесті. Тұрғындар ұрпақ болашағы, ұлт келешегіне керек деп танылған түйткілді мәселелерді ортаға салды. Әкім де әрбір сұраққа тереңнен толғап, әріден қозғап жауап берді. Бұл өтті-кетті, болды-біттімен емес, нақты іс, тың ұсыныс айтылған жиын болды.

Тасбөгеттің байырғы тұрғыны Тұрсынбай Махамбетов кент ішіндегі жол мәселесін көтеріп, балалар ойын алаңы салынса деген ұсыныс білдірді. Шаһар басшысы бұл мәселе заң талаптарына сәйкес оң шешімін табатынын айтып, назарында ұстайтынын жеткізді.

Тасбөгеттіктердің әкім назарына ұсынған тағы бір түйткілді мәселесі Сабалақ саяжайындағы жол жөндеу жұмысы мен кент орталығындағы апаттық жағдайда деп танылған көпқабатты тұрғын үй мәселесі болды.

– Тасбөгетке қарасты Сабалақ саяжайында тұрамыз. Онда тұрғындардың бас ауруына айналған басты мәселе – жол. Ол жерде де қаншама халық тұрады. Осыны назарыңызға алсаңыз, – деді Нұрайым Тұрлығұлова есімді Сабалақ саяжайы­ның тұрғыны.

Бұл сауалға қала әкімі облыстық бюджеттен берілген қаржыға байланысты құжаттары әзірленген көшелер жөнделетінін жеткізді. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын жалғасын табатынын айтып өтті.  Содан соң тұрғын үй жайы халыққа өз реттілігімен кезек бойынша берілетінін түсіндірді. Тасбөгеттегі мәселелердің уақытылы орындалуын қадағалауды кент әкімі Семсер Сыздықовқа жүктеп, жақын арада есебін сұрайтынын мәлім етті.

– Елдің ұсынысымен санасып, халықпен ақылдасып, жұмыс істеу керек. Сонда ғана ол өз нәтижесін береді. Ел арасындағы мәселелер кәсіпкерлер мен мекемелермен бірге, ұйымшылдықпен шешілуі қажет. Айтылған ұсыныстарға орай өзім арнайы тапсырма беріп, оның орындалу барысын қадағалаймын, – деді қала әкімі.

Р.S. Тұрғындар тілегінің басым бөлігі жер кезегі, тұрғын үй алу, жол, жарық секілді әлеуметтік қажеттіліктер болды. Қала әкімі кездесуде өзекті мәселелерді сарапқа салып, дер кезінде шешілу жолдарын қарастыру керектігін жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: