Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Аядай шеберханада ауқымды тірлік

06.10.2020

1147 0

Қазіргі таңда онлайн жүйедегі бизнес ұлғайып, қол еңбегін қажет ететін кәсіп көзінің тапшы екені жасырын емес. Қолөнерден табыс тапқысы келген үміткерлердің жыл сайын мемлекеттік бағдарламада бақ сынап, несие алуға талпынуы осының айғағы. Оған қоса Мемлекет басшысы ерекше назар аударған шағын және орта бизнес өкілдерінің хал-ахуалы әлемдік пандемияда сан өзгеріп, қолдауды қажет етуде. Ал еңбектің дәмін ерте татып, қиын сәтте өз күшімен кәсібін дөңгелеткен жандардың әрекеті ерлікке пара-пар. Сондай кәсіпкер арудың бірі – Қадила Әділқан. Сенбінің сәтінде табысты тігіншінің шағын шеберханасына бас сұғып, жұмыс барысымен таныстық.

Қадила — Қытайдан келген қандасымыз. «Шеше көрген тон пішер» деген өсиет жалаң болмаса­ керек, бала күнінен анасының құрақ көрпе, ою-өрнек, кесте тігу қабілетіне тамсанған арудың өсе келе бұл өнерге ынтасы ауады. Анасының ықпалы түрлі пішіндегі кестелі өрнек салып,­ өмірлік кәсібін бағамдауына демеу­ болған. Нәтижесінде 2006 жылдан бері тігін тігу өнеріне бет бұрып, білім-білігін жетілдіруге күш салған. Түрлі шеберханада қолөнердің қыр-сырын үйреніп, қабілетін шыңдауды мақсат етеді. Өзі де құралақан емес,  отбасынан көрген істің ыңғайын табу қиынға соқпайды. Тіпті Қытайда екі айлық тігін курсын сәтті аяқтап, қабілетін шыңдады. Осылайша аз уақыттың ішінде кәсіби тігіншіге айналып, алғаш­қы қадам жасауға жол ашылады.­

2009 жылы атамекенге оралған қандасымыз өнерін өрістетуге қам жасайды. Алғашында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы тігін шеберханасындада жалданып жұмыс істеп, саланың мән-жайына қанығады. Елдегі тігін, сән әлемі туралы ақпарат жинап, отандық шеберлермен тәжі­рибе алмасқан.

Бизнес ашу идеясының жетегінде жүрген кәсіпкер 2012 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, бизнесті облыс орталығында бастауды жөн көреді. Қазақылықтың қалпы бұзылмаған өңір Қадилаға ерекше әсер етіп, тың серпін сыйлаған. Нәтиже де жоқ емес. 2016 жылы кәсіпкерлік саласына бет бұруға тәуекел жасап, жеке тігін ательесін ашты. Бүгінде табысты еңбек етіп отырған тігінші бизнестегі алғашқы қадамын былайша еске алады: 

– Кәсіп бастау туралы ой туған сәтте қорқыныш болғаны рас. Алайда уақыт өте үрейді жеңіп, тәуекелге бел будым. Оған қоса кәсіби тұрғыда жинаған аз-кем тәжірибем мен жолдасымның қолдауы ерекше ұмтылыс сыйлады. Талап пен еңбек болса, адамға алынбайтын қамал жоқ екенініне сенемін. Сол сенім осындай жетістікке жеткізді, — дейді ол.

Бес жылға жуық тәжірибе жинаған кәсіп иесі бүгінде табысқа жетіп, жұмысы жандана түскен. Шағын шеберхана мерекелік көйлектер, жеке тапсырысқа арналған костюмдер­ тігу, мерекелік салтанатқа арналған сахналық киім әзірлеу, рес­тавра­циялау секілді қызметтер көр­сетеді. Тұрақты тұтынушылар саны жылдан-жылға артып, сұраныс кө­лемі де ұлғайып келеді. Шеберлер қажетті құрылғылармен толық қам­тылған. Қазіргі таңда шеберханада алты тігін және бір кесте  машинасы мен ұсақ құрылғылар қажетке жарап тұр. Түрлі-түсті маталар, кестелі көйлектер көздің жауын алып, аядай шеберханаға әр беруде.

Сонымен бірге кәсіпкер ару бес адамды жұмыспен қамтып, тігін өне­рінің қыр-сырына баулып келеді. Алдағы уақытта үлкен тігін фабрикасын ашып, қызылордалықтарды сапалы өніммен қамтамтуды мақсат еткен.

– Сапалы нәтиже күту үшін шебер­дің қабілеті маңызды. Сондықтан, әрбір маманға жауапкершілікпен қарап, кәсіпті игеруіне, жұмысқа қажетті жағ­дай жасауға талпыну қажет. Бұл – бас­ты қағида. Бізде дайын шеберлермен қатар, үйренуді қалап келетін жас­тар жеткілікті. Оларға бар білген өне­рімізді үйретіп, келешекте кәсіби дағ­дысын табыс көзіне айналды­руы­на жәрдемдесеміз. Алайда шағын ше­берханада жұмысшы санын арттыру мүмкін бола бермесі анық. Сол себепті жаңа ғимарат салуды көздеп отырмын. Бұл қадам өнім көлемін де, жұмыспен қамту көрсеткішін де көтерері сөзсіз, – дейді Қалида.

Сондай-ақ кәсіпкер карантин әсері шағын бизнес өкілдеріне айтарлықтай зиян келтіргенімен, шығынды қалпына келтіру әр кәсіп иесінің қажырлы еңбегіне байланысты деген пікірде. Бизнестегі нәзік жан қиындықты ең­серу табысқа тура бастар жол екеніне сенімді.  

– Әрбір сәтсіздікке күйрей кету қате қадам екені белгілі. Мәселен, карантин кезінде бінеше ай уақытша жұмыс тоқтады. Шығын көлемі аз болмады. Алайда жаңадан күш алып, кәсіпті сақтап қалуға әрекет жасаудамын. Бастысы тұтынушыны тарта білу жеткілікті. Бұл салада өнімге деген сұраныс жоғары. Сондықтан, алдағы уақытта кәсіп аясын кеңейту – кезек күттірмейтін әрекет. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау, кеңес беру қызметі жүргізілсе, нәтиже жаман болмасы анық, – дейді тігінші.

P.S. Кәсіпке адалдық, жауап­кершілік пен ұмтылыс. Бұл қа­сиеттер Қадила Әділқанның бойынан табылатын артықшылық екенін аңғардық. Бизнестегі би­кештің аймақта тігін өнерін дамытып, заманауи цехтың егесіне айналсам деген асыл арманына біз де тілекшіміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: