Облыстың батыс беткейіндегі Арал ауданында ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық баршылық. Өндірісі өркендеген өңірде шағын кәсіпкерлікке көп көңіл бөлінген. Қаланың тұрмыс-тіршілігі де оң өзгеріске бет бұрған. Мұнымен біз өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында таныстық.
КӘСІП КӨКЖИЕГІН ТАПҚАНДАР
Арал ауданы тұрғындарының ішінде кәсіпкерлік саласында қызмет етіп, мемлекет қолдауын алғандар баршылық. Мәселен, Светлана Жалтумаева «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 583 мың теңге қаржы алып, сұлулық салонын ашқан.
− Негізі мен бұған дейін педагогика саласында еңбек еттім. Облыс орталығында арнайы бет күтім жайлы оқытатын академияға барып, осы салаға деген қызығушылық пайда болды. Арнайы курстан өткен соң ауылда бос уақытымда бұл қызмет бойынша жұмыс істеп жүрдім. Нәтижесі болып, клиент көбейген соң екі жұмыстың бірін таңдау керек болды. Осы салаға келіп, кәсіпкерлік бөлімі арқылы мемлекеттен несие алып, арнайы құрылғыларды сатып алдым. Қызмет көрсету аясын кеңейтіп, көмекке мастерлер ала бастадым. Қазіргі кезде өзімнен бөлек 6 адам жұмыс істейді, − дейді «Әсем» сұлулық салонының иесі.
Светлана бұл саланы таңдағанына еш өкінбейді. Жан қалауы осы сала болғандықтан қызмет тұтынушылар қатары да артып келеді. Арал қаласынан ғана емес ауылдардан келіп, бет күтімін жасататын жандар бар.
Ауданда көлік жөндеу орталықтарының саны да артуда. Авто жөндеу орталығын ашқан азамат – Асхат Абылаев. Алғашқыда үйінің ауласында қызмет көрсеткен ол бүгінде көліктерді арнайы орында жөндейді. Мемлекеттен қаржылай қолдау алған кәсіпкердің бүгінде бизнесі алға жылжуда.
− Мемлекеттен 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант алып, кәсіп ашқаныма 2 айдай уақыт болды. Бұрын үйде де осы жұмыстарды атқарғандықтан алғашқы кезден-ақ өзімнің тұрақты клиенттерім келе бастады. Одан бөлек те келіп, көліктерін жөндететіндер бар. Қаржылай көмекке арнайы құрылғылар сатып алдым. Одан бөлек менімен бірге жұмыс істейтін көмекшілерім бар. Арнайы жөндеу орнын жалға алып отырмыз, − деді жеке кәсіп иесі.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА АЛҒА ЖЫЛЖУ БАР
Аралда жыл басынан бері жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,1 процентке орындалған. Қазіргі кезде ауданда жалпы саны 246 191 бас мал өсіріліп жатыр.
Агроөнеркәсіпті дамыту бойынша 2022-2024 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамытудың жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында 3 бағыт бойынша барлығы 30 жоба іске асырылса, ауданға 792 млн теңге инвестиция тартылып, 200-ге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Өңірде мал шаруашылығынан алынатын өнім саны да жыл санап артуда. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда ет өндіру 103,3 процентке, сүт 102,1 процентке және жұмыртқа 102,2 процентке орындалған.
Өткен жылы аудандағы шаруашылықтың бірі «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Ресейден 58 бас «Қалмақ» асыл тұқымды ірі қара малын әкелсе, биыл қаңтарда тағы бір шаруашылық мал санын 44 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырымен толықтырған. Жалпы Аралда мүйізді ірі қара өсіретін − 7, 4 жылқы, 2 қой мен 1 түйе бағатын шаруашылық асыл тұқымды мал өсірумен айналысады.
Аралдықтар егін шаруашылығына да етене кірісіп кеткен. Егістік жерлерді суару үшін облыстан 10 дана дөңгелекті дизельді су насостарын алуға тапсырыс беріліп, нәтижесі күтілуде. Одан бөлек суды тиімді пайдалану мақсатында да түрлі әдіс қолдануда. Мәселен, Ақирек ауылындағы «Асхат», «Нұрдана» шаруақожалықтары «орам» (подпленка) әдісімен 7 гектар аумаққа бақша өнімдерін ексе, Атанши ауылдық округінде жеке кәсіпкер Елтай Төремұратов ауылдағы ұңғыманы пайдаланып, тамшылатып суару әдісі арқылы 14 гектар жерге бақша және көкөніс өнімдерін еккен. Ал Аманөткелдегі «Camel Pro» шаруа қожалығы 80 гектардан астам жерге жаңбырлатып суаратын қондырғы арқылы жаңа жоңышқа егуді қолға алған.
ӨНДІРІСІ ӨРКЕНДЕГЕН АУДАН
Арал – Қызылорда облысында өндірісі өркендеген ауданның бірі. Себебі мұнда индустрия саласы қанатын кеңге жайған. Айдынды Аралдың балығы мен тұзын білмейтіндер аз. Индустриясы ел игілігіне қарқынды қызмет етіп жатқан Аралда алдағы уақытта ашылатын өндіріс орындары да аз емес. Тарқатып айтсақ…
Аудандағы жұмысы жүйеленген өндіріс орнының бірі – «Аралтұз» акционерлік қоғамының ас тұзын өндіру зауыты. «Аралтұздың» өндіріс аймағында бүгінде 4 цех орналасқан. Олар украин цехы мен бірінші, екінші және үшінші испан цехы. Қазіргі таңда үш цех жұмыс істеп тұрса, бірінші испан цехы жаңартылуда. Цехты модернизациялауға жалпы құны 2 млрд теңге қарастырылған. 2014 жылы іске қосылған цехта 200 адам қызмет етеді. Оның жаңғырту жұмыстары биылғы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған.
Негізінен зауыт 2022 жылдың бірінші тоқсанында 168 775 тонна ас тұзы мен 187 935 тонна техникалық тұз өндірген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 135,6 процентке артық. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырылған зауытта жалпы саны 1200 адам жұмыспен қамтылған. Мұнан шыққан өнімнің 20 проценті ішкі нарықта саудаланса, қалған 80 проценті экспортқа жөнелтіледі.
Шөміш елді мекенінде орналасқан «Aral Quartz» ЖШС-ның «Кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының құрылысы» жобасының І кезеңі іске асырылған. Комбинат жылына 120 мың тонна байытылған кварц концентраты мен құрғақ құрылыс ұнтақтарын шығаратын болады. Жалпы құны 992,2 млн теңгені құрайтын бұл жобаның құрылысы кезінде 39 адам жұмыспен қамтылса, ІІ кезеңі аяқталып, толық іске қосылғанда комбниатта 70 адам жұмыс істемек.
Комбинаттың қуаттылығын арттыру мен өнім түрлерін көбейту мақсатында жүзеге асырылып жатқан ІІ кезеңде құрылыс үшін 4 гектар жер телімі, Шығыс Сарышоқы, Рай және Жанпілес-2 учаскелерінде кварц құмын өндіруге жер пайдалану құқығы берілген. Одан бөлек ұзындығы 23 шақырым болатын автомобиль жолын салу үшін аудан әкімдігі қаулы шығарған.
Жалпы бұл комбинаттан шығатын өнімге сұраныс жоғары. Мұндағы өнім шетелге, сондай-ақ қызметін бастаса шыны зауытына да сатылмақ.
Аралда «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында индустриалды аймақ құру үшін қаланың солтүстік-шығысынан 6 гектар жер телімі берілген. Онда құны 3,2 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның екеуі жұмысын бастап, 21 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Берекет» шаруа қожалығы ет өндіру және тұшпара цехын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде негізгі «ет өнімдерін өндіру цехы» жұмысын бастады. Мұнда жылына қуаттылығы бойынша 550 тонна ет өнімін шығару межеленген. 2016 жылы іске қосылған жобаның негізгі кезеңі 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал «Жаңа Арал» серіктестігінің қаптама кірпіш өндіру зауыты индустриялық аймақтан бөлінген 1 гектар жерде 2017 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Маусымдық кәсіпорын 12 адамды жұмыспен қамтып отыр және жылына 4 млн тонна өнім шығаруды межелеген.
Одан бөлек «Qazaq Camel» серіктестігі түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындайтын зауыт ашуды жоспарлап отыр. Құны 3 млрд теңге болатын жоба 700 мың тонна сүт ұнтағын өндірмек. Қазіргі кезде сүт жинақтау ғимаратының құрылысы аяқталған. Қажетті құрылғылар алдағы уақытта жеткізілмек. Ал құрғақ ұнтақ шығару зауыты бойынша жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Негізінен жыл соңына дейін зауытты іске қосу жоспарда бар.
Сонымен қатар индустриялық аймақтың жер телімін кеңейтіп, тағы 2 жоба жүзеге асырылмақ. Оның бірі жалпы құны 3 млрд теңгені құрайтын «Аралтұз» АҚ-ның қап шығару зауыты болса, кәсіпкер Ықылас Алпысбаев 320 млн теңгеге мал бордақылау алаңы мен шұжық өндіру цехін ашпақ.
ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Аралда биылғы жылдың 6 айында 13431 шаршы метр үй пайдалануға беріліп, жоспар 102,3 процентке орындалған. Одан бөлек ауданда осы алты айлықта 1,3 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өткен жылғы көрсеткіштен 10 процентке артық орындалған.
Мысалы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өткен жылы бастау алған Аманөткел мен Қамыстыбас елді мекендеріндегі дене шынықтыру кешенінің құрылысы биыл да жалғасын тапты. «Арал сода» зауытына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізуне облыстық бюджеттен 395,4 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар биыл зауытқа теміржол тұйығын жеткізуге 250 млн теңге бөлінген.
Жақсықылыш кентінде дене шынықтыру және сауықтыру кешені, Арал қаласында 100 орындық интернат пен 200 орындық №71 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Одан бөлек Көктем елді мекенінде су жүйесінің құрылысына 295,2 млн теңге, Аралдағы №5 шағын ауданда электр желісінің құрылысына 150,6 млн теңге қаржы бөлінген.
Сексеуілде АГТС орната отырып «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан бастап газ құбыры тармағын салуға және кентке газ құбырын, кварталішілік газ тарту желісінің құрылысы басталса, №6 шағын аудандағы су желісінің құрылысына 100 млн теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесі күтілуде.
Ал №6 шағын ауданда электр желісінің құрылысын жүргізетін жеңімпаз мердігер ретінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ танылып, қазіргі кезде құрылысты бастауға рұқсаты күтілуде.
ЖОЛЫ ЖАҚСАРУДА
Қазіргі кезде аудан орталығы Аралда қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Соның бірі – Панфилов көшесі. Аудандық бюджеттен бөлінген 34,5 млн теңгелік жобаны мемлекеттік сатып алу нәтижесінде «Арал құрылыс» ЖШС жеңіп алып, бүгінде жұмысты бастап кеткен.
Үш ай мерзімге созылатын жұмыс нәтижесінде автомобиль жолы толықтай жөндеуден өтіп, екі жақты жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдары орнатылады. Жұмыстың басталғанына екі апта болған. Құрылысқа қажетті материалдар Ақтөбе облысынан әкелінген. Жол жөндеу жұмысының жайы туралы мердігер мекеме «Атағұлов» ЖК төрағасы Ғалымжан Атағұлов айтып берді.
− Жол жөндеу жұмыстары кезінде ең бірінші кезекте сапаға көңіл бөліп отырмыз. Қолданылатын материалдардан бастап, оның дұрыс қалануы мен төзімділігі назарда ұсталады. Асфальт құюға дейінгі жұмыстарға 12 адам тартылған. Ал жолға асфальт төсеуге тағы да арнайы бригада тартылады, − дейді өндіріс жетекшісі Ғ.Атағұлов.
Негізінен, биыл республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен жалпы сомасы 1,8 млрд қаржы бөлініп, бірнеше бағыттағы жол жөндеуге жұмсалуда. Оның ішінде Қаратерең-Жаңақұрылыс, Бөген-Ағлақ бағытында және Қызылжар елді мекеніне кіреберіс жолдың құрылысы жүргізілмек. Осы секілді жол жөндеу бағытында жасалып жатқан жұмысты аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жанқожа Құдайберген баяндады.
− «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сексеуілде кентішілік автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Аудан орталығы есептелетін қалада екі көше жөнделуде. Бұл Панфилов көшесі бір бағытты болғандықтан ені 5,5 метр болып, асфальт жабындысы толық төселеді. Жалпы қалада 226 көше болса, оның 70-тен астамы асфальтталған. Биылғы жылдың өзінде «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 17 көшені жөндеуге жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, келесі жылға жоспарлап отырмыз. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 13 көшені жөндеуге ЖСҚ әзірленуде, − деді бөлім басшысының орынбасары.
Аслан НҰРАЗҒАЛИ
Қызылорда-Арал-Қызылорда
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!