Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Аймақта мәселе де, оның шешімі де бар

12.06.2021

1771 0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын сөз етіп, баяндама жасады.

Аймақ басшысының айтуынша, бүгінде Қызылорда облысы «жасыл» аймақта болса да әлі де пандемиямен күресті қарқынды жалғастыруда. Өңірде дәрі-дәрмектің екі айға жеткілікті қоры бар және бюджеттен медикаменттер сатып алуға  488 млн теңге бөлінген.

Соңғы 5 айда өңірде өңдеу өнеркәсібі 2,8 және шағын және орта бизнес 7,3 процентке өскен. Мұндай өсім ауылшаруашылығы саласында да байқалады. Одан бөлек, аймақта құрылыс жұмыстары 62,5 процентке артқан. Индустрия саласы бойынша 2020-2025 жылдары аймақта 543 млрд теңгені құрайтын 41 жоба жүзеге аспақ. Бұл өз кезегінде өңірдің 7,4 мың адамын жұмыспен қамтуға көмектеспек.

− Суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе егіншілікті әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шаралар қабылдаудамыз. Аймақтағы топырақтың тұздылығын ескере отырып, біз күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен күріштің алқаптарын азайту үшін жұмыс істеудеміз, − дейді облыс әкімі.

Аймақта мәселе де, оның шешімі де бар

Дегенмен жалпы егістік көлемі 188 мың гектарды сақтап отыр. Яғни, қысқартылған күріштің орнына басқа егін егу жоспарлануда.

Алдағы 5 жылда аймақтың агроөнеркәсіп кешені саласында 76 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобаларға жалпы құны 58 млрд теңге жұмсалмақ. Биыл 8,7 млрд теңгеге 21 жоба жүзеге асырылмақ.

Пандемияның әсерінен бүгінде аймақтың 16 мей­­рамхана кәсібін өзге бағытқа ауыстырған. Одан бөлек, халықтың басым бөлігімен жұмыс істейтін шағын және орта бизнестің 142 субьек­тісінде «Ashyq» бағдарламасы жүзеге асы­рылуда.

Аймақта мәселе де, оның шешімі де бар

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы аясында ауыз су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға 1,4 млрд теңгенің, 397 шақырым жолды жөндеуге 17,3 млрд теңгенің жобалары жүзеге асуда. Сонымен қатар аймақта 4 электр стансасы жаңғыртылмақ.

Ал Сырдария өзеніндегі су деңгейінің азаюынан туындаған мәселелерді шешу мақсатында көршілес мемлекеттермен келіссөздер жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі спикердің қойған сұрағына берген жауабында айтты: «Келіссөздермен Үкімет пен Экология, табиғатты қорғау және геология министрлігі айналысып жатыр. Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанмен бірнеше келіссөздер жүргізілді. Бірақ қазіргі кезде ең маңыздысы су транзит арқылы өтетіндіктен, үшжақты келісімдер жоспарланып отыр. Бұл жөнінде біз өзіміздің барлық ұсыныстарымызды бердік. Бүгінде облысқа 555 текше метр су келіп жатыр. Бұл күрішті сумен бірінші бастыруға жетті. Әрі қарай Үкімет және Министрлікпен бірігіп егістікті сумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін боламыз», − деді аймақ басшысы.

Аймақта мәселе де, оның шешімі де бар

Өңірдің намысын қорғап жүрген «Қайсар» футбол клубының бүгінде премьер лиганың соңғы орнында қалуының себебін сұраған тілшіге аймақ басшысы легио­нерлердің азаюымен байланыстырып, жауап берді.

− Пандемияға дейін «Қайсар» футбол клубына 4 млрд-тан астам қаржы бөлінген. Соның арқасында клуб құрамында мықты легионерлер болған. Бірақ пандемия ке­зінде біз бөлінген ақшаны 1,2 млрд-қа дейін төмендеттік. Көптеген легионермен келісім­шарт тоқтатылып, қазіргі кезде клубтың 60 проценті жергілікті спортшылар, − деді облыс басшысы.

Арал ауданындағы малдың қы­рылуын Г.Әбдіқалықова қыстың ұзақтығы мен жауын-шашынның аздығымен байланыс­тырды. Малға азық жеткізуге байланысты жедел шаралар қабылданып, соңғы екі аптада 500 тонна мал азығы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Ақтөбе облысынан жеткізілген.

Одан бөлек, биыл өңірдің 42 ауылдық округінде әкім сайлауы өтпек. Аймақ басшысы Сыр өңірі бұл сайлауға толықтай дайын екенін және әр ауданда округ әкімінің сайлауы өтетінін хабарлады.

Шыны зауы­тының құрылысы әкімнің айтуынша, биыл аяқталып, жыл соңына қарай алғашқы өнімін де бермек: «Зауыт өте үлкен. Оның құрылысы 81,4 процентке, қондырғы жабдықтарының орнатылуы 34 процентке аяқталды. Қазір қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Енді пеш пен ванна орнату қалды. Бүгінде шетелден 49 арнайы маман келіп, пеш құрылысын жүргізуде», − деді облыс әкімі.

Арал ауданындағы кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысына эко­логиялық рұқсат бар. Әкімнің айтуынша, бұл зауыттан шыны зауытына шикізат алу жоспарланып отыр. Зауыт құрылысының құжаттары қазіргі кезде дайындалып жатыр. Сонымен қатар бұл зауыт 700 орындық жұмыс көзі де болмақ. Оның маңайындағы сервистік мекемелерде де 500 адамға жұмыс орны ашылмақ. Ал зауытқа 92 млрд теңге инвестиция құйылмақ.

Аймақта мәселе де, оның шешімі де бар

Жол саласының ақылы болуы, әсіресе Шымкент-Қызылорда бағытындағы жол­дың ақылы немесе тегін болып қалуы министрліктің шешіміне байланысты екен. 424 шақырым болатын Қызылорда-Жезқазған бағытындағы жолдың 208 шақырымы Қызылорда өңіріне тиесілі. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаты мен экспертизасы жасалған. Енді мердігер мекеме анықталып, жол құрылысы бас­талмақ. «Министрліктің айтуынша, жол құрылысын биыл бастауға мүмкіндік бар. Бірақ осы 2-3 жыл көлемінде жол толықтай жөнделеді», − дейді облыс әкімі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: