Шаһардың шырайын келтіру, тазалығын сақтау – басты міндет. Бүгінде бұл міндет бойынша әр сенбі сайын қалада қызу тірлік басталды.
Санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру айлығы аясында қала көлемінде жаппай тазалық акциясы өтуде. Оған қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті деп ұстанған әр мекеме қызметкерлері мен жастар қатысуда. Айталық, наурыз айының соңында өткен сенбілікке мекемелерден 1700-ден аса қызметкер және 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылып, қала аумағын қоқыстан тазарту жұмысын жүргізді. Шөп шауып, арық арналарын тазартты, көшет отырғызды.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметі бойынша қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 484,7 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі күні барлық конкурсқа мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қаланы абаттандыру
Абаттандыру жұмысына келетін болсақ, өткен жылы 564 млн теңге бөлінді. Атап айтқанда, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру, машина және механизм қызметі, брусчатканы жөндеу, қоршауларды жуу мен сырлау, ескерткіштерді, су бұрқақтарын, аялдамаларды, аллея мен скверлерді, Қызылорда қаласының паспорттарын, контейнер алаңдарын, бильбордтарды, ҚР Тұңғыш Президенті саябағын, қаладағы балалар ойын алаңдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстары жатады.
Мамандардың айтуынша, осы аталған жұмыстар толығымен орындалды. Сонымен қатар биыл да жүзеге асырылуда. Оған қоса күнделікті қаладағы жарықшамдар мен аялдамаларды тазалау жұмысы да қолға алынған.
Көшелерді тазарту
Қаланың санитарлық-тазалығы бойынша «Қызылорда тазалығы» МКК өз жұмысын тұрақты атқаруда. Осы ретте 2021 жылы санитарлық жұмыстарға 666 млн теңге, 2022 жылы 699 млн теңге, 2023 жылы 836 млн теңге қаражат бөлініп отыр.
Қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарына қаралған қаржы қаланың 240 көшесін тазартуға бөлінген болса, іс жүзінде 350-ден астам көшеге жүргізілуде. Жаз айларында көше арам шөптерден тазартылып, бордюрлер, көше бойындағы талдар толығымен ақталып, қала көшелеріне екі мезгіл су себіліп, қоқыс қалдықтарынан тазартылуда.
Сонымен қатар қалалық полигонға 2018-2020 жылдары күнделікті 340 м3 қоқыс шығарылса, казіргі таңда күнделікті қалалық полигонға 780 м3 қоқыс шығарылуда. Қала көлемінің ұлғаюынан шығарылатын қоқыс көлемі де 160%-ға өсіп отыр.
Қаладағы көшелердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін және қала тұрғындарымен қоқыстарды бей-берекет белгіленбеген орындарға тастауынан антисанитариялық жағдайдың алдын алу, үйілген қоқыс алаңдары пайда болуына жол бермеу мақсатында кәсіпорын тарапынан осы жұмыстарға арнайы мобильдік топ құрылып, рейдтік іс шаралар жоспары жасалып, жоспарға сай жұмыстар жүргізілуде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!