Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының қарқынын саралады.
Ең алдымен облыс әкімі «Қорқыт ата» әуежайына барып, жаңа терминалдың құрылыс барысымен танысты.
Бүгінде халыққа қызмет жасайтын әуежай терминалы халықаралық, заманауи тұрғыда қайта салынуда. Құрылыс жұмыстарын «Болат Өтемұратовтың қоры» қолға алған. Бұған дейін әуежай 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғанда 220 мың жолаушыны қабылдамақ. Мамандар жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін артатынын алға тартуда. Одан бөлек жолаушылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы эскалатор мен лифт қарастырылған. Жолаушыларға жылдам әрі жайлы қызмет көрсету үшін өзін-өзі тіркеу бағандары мен жүктерді беру және өңдеу автоматтандырылады. Сондай-ақ 7500 шаршы метрді құрайтын терминалда телескопиялық трап екі қабатты болады. Бұл 2024 жылы ел игілігіне берілмек. Жалпы әуежай нысанының инфрақұрылымын дамытумен қатар айналасын абаттандыруға 5 млрд теңге бөлінген.
Облыс әкімі өңірдің негізгі әуе қақпасының заманауи сипатқа ие болуы қажеттігін айтқан. Осыған сәйкес әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіріп, уақытылы аяқтауды тапсырды.
Мұнан соң аймақ басшысы «Қызылорда су торабындағы» жөндеу жұмыстарына барды. Ондағы апатты жағдайда тұрған су торабына 2020 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «Caspian Contractors Trust» ЖШС атқаруда. Бұл жұмыстар желтоқсан айына дейін аяқталмақ. Қазір бөгетте 16 метрлік бес аралық бар, олар қақпалармен және апаттық-жөндеу шандорларымен жабылған.
Аймақ басшысы Бейбарыс сұлтан көшесінің абаттандыру жұмыстарымен де танысты.
Жол инфрақұрылымын дамыту үшін жасалған абаттандыру жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Бүгінде көше кеңейіп, алты жолақты болды. Оның айналасына орындық, автотұрақ, жарық шамдар қана қоймай субұрқақ та орнатқан. Бұл тұрғындар үшін серуендеуге арналған демалыс орнына айналды.
Облыс әкімі Бейбарыс сұлтан көшесіндегі «Неке» сарайының құрылысымен танысты. «Неке» сарайы бұл шаңырақ көтеруге ниет еткен жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюға, отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында салынуда. Одан бөлек онда түрлі мәдени іс шаралар өткізіледі деп жоспарлануда. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйекте басталған. Бүгінде оның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Аймақ басшысы «Анаға тағзым» орталығының құрылыс жұмыстарына тоқталды. Бұл нысан жуырда халық игілігіне табысталмақ. Жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын орталық заманауи үлгіде жасалған. Ол жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Одан бөлек қыз-келіншектерге арналған арнайы бөлмелер, тұрмысқа және қонақ күтуге баулу, аруларға жан-жақты психологиялық көмек беру кабинеті болады. Ал шығармашылық пен өнер адамдары үшін әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған.
Н.АЛТЫН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!