Жексенбі, 22 желтоқсан, 22:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Анаға тағзым еткен күн

22.11.2022

1032 0

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп қашанда тіршіліктің бастауында  аналардың тұратынын айтып өткендей. «Баламның табанына шөңге кіргенше, менің маңдайыма кірсін» дейтін аналар қауымы жылы жүрегімен, нұрлы жүзімен адамзат баласына шаттық сыйлап келеді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін аналарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Жуырда «Анаға тағзым» орта­лығының құрылысы басталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бастау алған «Анаға тағзым» орталығының құрылысымен танысып, кірпішін қалау рәсіміне қатысты.

Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі орталық өңіріміздің қыз-келіншектеріне, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек.

Іс-шарада облыс әкімі жаңа орталықтың Сыр елінде еңсе тіктеп, бой көтеруінің үлкен символикалық мәні бар екенін тілге тиек етті.

– Қоғам игілігіне қызмет ету­ді басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Ана­ға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді. Ана – тек отбасының бе­рекесі ғана емес, елдің ынтымағы мен несібесіне тілекші, бірліктің ұйытқысы. Келешекте жас отбасылар мен кейінгі буын жастар бұл орта­лықтан рухани құндылық алады деп сенеміз.Барша Сыр халқы атынан шексіз алғысымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы.

Небір ғалымдар мен ел билеген патшалардың өзі аналардың алдында дәрменсіз. Ананың бойындағы қасиеті балаға ақ сүті мен тәлімі арқылы беріледі. Зере мен Ұлжандай аналардың тәлімін алған Құнанбай мен Абай тарихи тұлғаларға айналды. Шоқан да ел анасы атанған Айғаным әжесінің тәрбиесін көрген. «Алып анадан туады» деген тәмсілдің негі­зінде шындық жатыр. Осы қағиданы негіз етіп салынатын жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәні мен сым­батты жүруіне арналған арнайы бөл­мелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Сондай-ақ шығар­машыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері болады деп күтілуде.

Іс-шарада батыр ана Сәкен Ағатаева сөз алып, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу ата-бабадан келе жатқан дәстүр екенін тілге тиек етіп, бұл орталықтың жас аналарға, бой­жеткендерге берері мол боларын жеткізді.

Иә, осылайша тағы бір күн тарих қойнауына енді. Жәй енген жоқ, анаға құрмет көр­сеткен аймақта анаға тағзым жасаған күн ретінде есте қалары сөзсіз.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: