Ақсуат ауылдық округінің әкімі Нұрболат Бақытов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне өткен жылы ауылдық округ көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.
– Өткен жылы ауылдық округтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Ұзындығы 22,5 шақырым болатын 32 көшеге электр желісін тарту жұмыстары басталды. 4 көше жарықтандырылып, 7 көшеге асфальт төселді, ал қазір ұзындығы 7,4 шақырым болатын 4 көшеде құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, 3 спорт ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Е. Адранова мен Қ. Жұмаев көшесінің қиылысына спорт-жаттығу алаңы салынды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Атап айтсақ, 4 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату, 18 көшені жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, 10 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнатуға және 4 көшені қайта жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджетке өтінім ұсынылды, – деді ауылдық округ әкімі Нұрболат Бақытұлы.
Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауының нәтижесінде ауылдық округ бойынша 602 кәсіпкерлік субъекті жұмыс істеуде, оның 153 кәсіпкерлік субьектісі 2024 жылы тіркелген. Кәсіпкерлікті дамытудың түрлі мемлекеттік бағдарламалары аясында ұсынылған 44 жоба мақұлданып, 246,9 млн. теңгеге қаржыландырылды. Кәсіпкерлердің демеушілігімен ауыл орталығында орналасқан Тағзым алаңының кіре берісіне арка салынды. Н.Төребаев көшесінің бойына екі қатар 500 дана ағаш көшеті егіліп, қоршау жұмыстары жүргізілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!