Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және қала әкімі Асылбек Шаменов Ақсуат ауылдық округіне көгілдір отын қосу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде дамыту. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деген болатын. Өткен жылы 14 газдандыру жобасын жүзеге асыруға 8,7 млрд.теңге бөлініп, нәтижесінде 6 ауылды газға қостық. Осылайша өңірдің газдандыру деңгейі 70 пайызға жетті. Биылға республикалық бюджеттен 7,4 млрд. теңге бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғастырылады. Оған қоса 12 жаңа жобаның құрылысы басталады. Оның ішінде, Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді мекендеріне де газ жеткізу жобалары бар. Демеушілердің қаржы көздерінен 100 млн. теңгеге Сабалақ саяжайына табиғи газ желісін тартудың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде», – деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындарын қоғам қайраткері Айтбай Көшербаев пен ауыл ақсақалы, қоғамдық кеңестің төрағасы Өмірсерік Әбуов құттықтады.
Іс-шара қонақтары зейнеткер Сейітқасым Тәуірбаевтың үйіне табиғи газ қосу сәтіне куә болды.
Әрі қарай облыс әкімі Ақсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, осы ауылдық округті газдандыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 4,9 млрд.теңге бөлінді, мердігер мекеме – «Алия Сервис» ЖШС.
Бүгінде Ақсуаттың инфрақұрылымын дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, қазір 79,9 млн. теңгеге 3 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ұлттық қордан 350,9 млн. теңге қаралып отыр. Сондай-ақ, жаңадан қоныстанушылар тұратын 32 көшеге электр желілерін жүргізу үшін жоба- сметалық құжаттар әзірленіп, 1 млрд. теңге бөлу жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аймақ басшысы «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы су жинағыш құрылғының жұмысымен танысты. Нысан құрылысы 2022 жылдың тамыз айында басталып, биыл сәуір айында аяқталды. Мұнда тереңдігі 440 м 7 ұңғыма мен 3 резервуар бар. Құрылғының қуаттылығы 7200 м3. Одан кейін облыс әкімі шағын аудан тұрғындарымен кездесті.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!