Сенбі, 21 желтоқсан, 17:42

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақсуат: От жақпайтын күн жақын

09.02.2021

8091 0

Қалаға жақын орналасқан Ақсуат ауылдық округінде көптеген айшықты істер атқарылып келеді. Ондағы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы, көңіл-күйі жайдарлы. Бұл округке Ж.Маханбетов ауылы, «Наурыз» шағын ауданы кіреді. Тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеке кәсіп көзін ашып, ауылдағы ағайынға қызмет етуде. Оларға тек «көгілдір отын» ғана керек. Бұл мәселені ақсуаттықтар қала әкімінің есепті кездесуінде көтерді.

Әкім баяндамасынан

Есепті кездесуде шаһар басшысы қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен жыл көлемінде қол жеткен жетістіктеріне тоқталып, биылғы жұ­мыс жоспарымен де бө­лісті. Жалпы жыл қо­рытындысында Сырдың бас шаһары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипат­тайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, қала бюджеті 94 млрд теңгені құрап, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс кө­лемі 480 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 105 процентке ар­тығымен орындалып, об­лысқа салынған инвес­тицияның 52 проценті Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі болды.

Биылғы жұмыс жоспарын ортаға салған қала әкімі 51,3 шақырым болатын 94 көшеге қиыршық тас төсеу, Сырдария өзенінің сол жағалауынан апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізу, қала әкімдігіне халықтан келіп түскен арыз-шағымдардың басым бөлігінің көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі екендігін ескере отырып, қалада жеке инвесторлар қаржысына салынып жатқан тұрғын үйлерден 60 пәтер сатып алу, қала тұрғындарының сұрауы бойынша көпқабатты үйлердің аулаларына ойын алаңдарын салу бағытында жұмыстар жүргізілетіндігін атап өтті.

Жоспарға сай негізгі басымдық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту секілді мәселелерге берілгендігін жеткізді. Әр бастама елдің қолдауымен ғана жүзеге асатындығын баса айтқан қала әкімі жыл көлеміндегі мол жетістік Ақсуат жұртының ауызбіршілігінің бекемдігін, тірлігінің татулығын көрсетті деп атап өтіп, биыл ауыл әкімінің алдына қойылған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар жайын ел алдында нақтылап өтті.

Соңғы жылдары жол мәселесі шешімін тауып келе жатқан Ақсуатта өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында 16 көше жөндеуден өтті. Оған қосымша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 1 көшеге тас төселді. 53 шақырым су құбыры жүргізіліп, Наурыз шағын ауданы толығымен ауыз сумен қамтылды. Биыл округке жаңадан қосылған 14 шеткі көшеге электр желісін тарту, көшелерді жөндеу жоспарлануда.

Тұрғындар бағасы

Есепті жиын барысында тұрғындар да өз ұсы­ныстарын жеткізіп, әкім жұмысына бағасын берді.

Рахымбек Бодықов, зейнеткер:

– Біздің ауылда айтарлықтай шешілмей жатқан мәселе жоқ. Бәрі ретімен шешімін табуда. Былтыр мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта газбен қамтылады деп отырмыз. Атқарылған жұмыс барысын ардагерлер атынан жақсы деп бағалаймыз. Айтайын дегенім, ауылға жаңадан көшелер қосылып жатыр. Соған орай жарық мәселесі қиындау болып тұр, – деген өтінішін айтты. «Көше жарығына қатысты мәселе назардан тыс қалмайды. Жарық бағаналарын орнатуға қаржы қаралуда. Мұны ауыл әкімі де қадағалап отыруы тиіс» – деген қала басшысы ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа тапсырма берді.

Тілші түйіні:

«Ауылымызға газ қашан келеді?» – деген Ақсуат жұртына қала әкімі жоспарға сай жұмыстың жүргізіліп жатқандығын жеткізді.

– Осы күні қаланың 95 процентінен астамы газбен қамтылған. Енді алдағы жоспарда Ақсуат ауылын да қосу ойымызда бар. Былтыр жобасы дайындалды. Бастапқы жұмысына 1 млрд-тан аса қаржы бөлінді. Осы қаражатқа тиесілі жұмыс басталады. Жалпы Ақсуат, Ж.Махамбетов ауылдары мен «Наурыз» саяжайына газ тарту үшін 5,5 млрд-тай қаржы қажет. Жыл соңына дейін бұл мәселе оң шешімін табады, – деп жауап берді.

Елді мекеннің басты сұрауы, өзекті сауалына айналған мәселеге нақты жауап алған ақсуаттықтар қала әкімінің ауылды гүлдендіріп, дамытуға бағытталған барлық бастамаларына алғысын білдіріп, елмен етене жасаған жұмысына ризашылығын жеткізді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: