Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «әкімдерге халықтың қалың ортасына барып, тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап отыруы тиіс» деп ерекше тапсырма берген болатын. Барлық деңгейдегі әкімдер осы бағытта тұрғындармен кездесуде. Қала әкімі Асылбек Шәменов Ақсуат ауылының тұрғындарымен еркін кездесу өткізді. Қала басшысы тұрғындарға өзін таныстырып, кездесудің негізгі мақсатын түсіндірді.
– Әр ауылдағы жұмысты жоспарлау үшін ең алдымен проблемаларды білу керек. Сондықтан халықпен бетпе-бет жүздесіп, ауылдағы тірлікті тұрғындардың өз аузынан естігенді жөн көрдім. Бұл – біздің қызметтік міндетіміз, – деп атап өтті қала әкімі.
Күрмеуі қиын – күре жол
Ақсуат ауылының тұрғыны Шаймұхамбет Әбсадықовтың айтуынша 2014 жылы Батыс Еуропа – Батыс Қытай күре жол бойынан Ақсуат ауылына қарай жол ашу мәселесі көтерілген екен. Алайда қанша жыл өтсе де бұл мәселе шешімін таппаған.
– Ақсуаттықтардың басты мәселесі – жол. Жолдың жайын жүрген білер деген. Тұрғындар айналма жолдан шаршап отыр. Бұл туралы ұсыныс-пікір айтылғанымен, нақты шешімі шыққан жоқ. Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша күре жолдың күрмеуі шешілсе. Ақсуат ауылына кіреберіс жол салынғанын қалаймыз. Айналма жолмен жүру қиямет-қайым болып тұр тұрғындарға, – деді ауыл ақсақалы.
– Жол мәселесін тағы да ұсыныс тастап, алдағы жоспарға енгіземіз. Тұрғындардың талап-тілегі дұрыс. Сондықтан бұл проблеманы халық игілігіне шешу жолында жұмыстар істелуі тиіс, – деді қала әкімі.
«Ақсуаттықтарға от жақпайтын күн жақын» деп осыдан бірнеше жыл бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған болатын. Дегенмен, көгілдір отынның жайы да көгермей тұр. Бүгінгі кездесуде бұл мәселе тағы да айтылды.
«Ауылымызға газ қашан келеді?» – деген тұрғындарға қала әкімі жоспарға сай жұмыстың жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
– Негізгі жоба дайын. Жұмыстың жүргізілуі барысында өзгерістер болып жатыр. Ауылға газ тарту осы тұрғыдан кешігуде. Ақсуат, Ж.Махамбетов ауылдары мен «Наурыз» саяжайына газ тарту жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін нақты мәселелер оң шешімін табады. Халықтың игілігі үшін тиісті жұмыстар істеліп, газды қосу бағытында тиянақты тірліктер болады, – деді қала басшысы.
Жүгенсіз автобустар жөнге келсе
Ақсуат ауылдық округінде айшықты істер бар. Ауыл тұрғындары күннен күнге көбейіп, жаңадан қоныс аударғандар бар. Сондықтан да инфрақұрылым мәселесі назардан түспей тұр. Жаңадан көше қосылғандықтан жол мен жарықтан қиындық болады. Кездесу барысында инфрақұрылым төңірегінде сұрақтар қойылды.
– «Жарық бағаналарын орнатуға қаржы қаралуда. Әр үй өзі орнатып алған электр сымдарын ретке келтіру қажет. Мұны ауыл әкімі қадағалап отыруі тиіс» – деген қала әкімі ауыл әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевқа тапсырма берді.
Тұрғындарды қоғамдық көліктің де мәселесі шаршатып отыр. Жарты сағаттап күтетін №12 бағыттағы көліктің уақыты реттелгенін қалайды. Расында, қаладан ауылға қатынап жұмыс істейтін ақсуаттықтар көп. Сондықтан қаладан ауылға қатынайтын қоғамдық көліктер уақыты реттелсе деген талаптары орынды. Сондай-ақ жүгенсіз кеткен автобустардың жүргізушілері де жөндерімен жүрсе…
Бүгінгі кездесуде ақсуаттықтардың көкейінде жүрген көптеген мәселеге тиісті сала басшылары жауап берді. Қала әкімі маңызды мәселелерді шешу жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!