Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 04:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақжармадай әдемі ауыл бар

10.03.2021

6856 0

Ауыл – әрбір адам үшін өте қымбат, ыстық. Ол – бізге дейінгі сан толқынның қастерлі ордасы, қаны мен маңдай тері тамған киелі мекені, алтын бесігі, салт-дәстүрі, өлең-жыры, өнері, мәдениет пен адамгершілік ортасы. Осындай құт қонған берекелі елді мекеннің бірі –қалаға қарасты Ақжарма ауылдық округі.

Жұмабек Әлиев басқарып отырған Ақжарма ауылының келбеті алыстан көз тартады. Жөнделген түзу көшелер, әдемі үйлер… Бүгінде мұндағы халық саны 2385 адамды құрап отыр. Бұл округке Баймұрат батыр ауылы мен Талдыарал елді мекені кіреді. Мұнда айшықты істер атқарылып келеді. Ауылға кіре бергеннен елді мекен тазалығы, тартымдылығы бірден көзге түседі.

Кәсіп етіп, мал баққан

Бұл ауылдағы тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағ­дарламалар бойынша кәсіп ашып, ауылдағы ағайынға қызмет етуде. Өткен жылы кәсіпкерлік нысан саны 113-ке жетіп, жалпы есеппен 84 адам жұмыспен қамтылды. 2020 жылы кәсіпкерлікке оқыту курстарына барлығы 23 адам тіркеліп, 10-ы сертификат алды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары 10 жоба ұсынып, оның 7-і қолдау тауып, жалпы құны 29,3 млн теңге несие берілді. Қайтарымсыз грант бойынша жалпы құны 4,394 млн теңгенің 8 жобасы қаржыландырылды.

Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы.

– Округте 2800 гектар инженерлік жүйеге кел­тірілген жер бар. Ауылдағы 18 жеке шаруа қожалығы 9 инвесторға «Мағжан и К», «Қызылорда НК Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Рахметулла», «Меруерт», «Болтаева», «Қайрат», «Мақсат», «Нұржан М», «Шаңырақ» ШҚ бірігіп, күріш, жоңышқа егілді. Өткен жылғы егін жинау нау­қанының қорытындысымен ауылдық округ бойынша 7761 тонна күріш жиналды. Аталған шаруа қожалықтарының барлығы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен тиесілі қолдау субсидияларына ие болды, – деді ауыл әкімі.

Денсаулық саласы басты назарда

Денсаулық саласындағы басты талап – меди­циналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Осы бағытты ұстанған қалалық №4 емханаға қарасты 1 медбекет, 1 дәрігерлік емхана халыққа қызмет көрсетуде. Ауылдық округ­тегі медициналық пунктке жедел жәрдем көлігі беріліп, уақытылы медициналық көмек жасалуда. Дәрігерлердің жүйелі жұмысының нәтижесінде есепті мерзім ішінде ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Ауылда орналасқан облыстық наркологиялық орталықтың медициналық әлеуметтік оңалту бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жарығы жарқыраған жолдар

Ауыл әкімі Жұмабек Әлиевтің айтуынша, елді мекеннің инфрақұрылымы назардан тыс қалған емес. Жыл сайын әр бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Баймұрат батыр ауылындағы М.Шоқай көшесіне 2 млн 336 мың теңге қаржыға көше жарығы орнатылды. Ауыл бойынша барлығы 18 көшенің 11-не 206 көше жарығы бағанасы орнатылған. Сондай-ақ орталық алаң абаттандырылып, спорттық трена­жерлер қойылды.

Жергілікті бюджеттен Талдыарал елді мекеніндегі Талдыарал көшесіне орташа жол жөндеу жұмысына ұзындығы 1,2 шақырымға қаржы қаралып, жұмыс толығымен аяқталды. Сонымен бірге «2020-2021 жол картасы» бағдарламасы аясында  ұзындығы  3,3 шақырым болатын 6 көше бөліктері орташа жөндеуден өтті. Оған қоса ұзындығы 500 метр, ені 3 метр болатын қырман көшесі демеушілік арқылы асфальтталса, осы жұмыстың нәтижесінде Баймұрат батыр ауылы мен Талдыарал елді мекеніндегі бұрын­нан қалыптасқан орталық көшелерінің барлығы асфальтталды.

Ауылға ауыл қосылып…

2019 жылы желтоқсан айына дейін Ақжарма ауыл­дық округіне қарасты 4 елді мекен болса, об­лыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес Қалғандария елді меке­ні таратылып, Құбас елді мекені Талдыаралға қосылды.

– Қалғандария елді мекен тұрғындарын көшіру мақсатында округке қарасты Талдыарал ауылының аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін 216 азаматқа, оның ішінде Қалғандария елді мекенінің 33 тұрғынына жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыстау жөнінде қала әкімдігі жанындағы жер комиссиясының оң  қорытындысы қабылданды, – деді ауыл әкімі Ж.Әлиев. Жаңадан берілген жерлерге инфрақұрылым тартылды. Ауыл аумағы кеңеюде.

Округтің учаскелік полиция инспекторы қыл­мыстың алдын алу мен оны болдырмаудың түрлі бағыттары бойынша өз жұмысын атқарып келеді. Басты мақсат –  ауылдың қауіпсіздігін, тыныштығын сақтау. Соған орай учаскелік полиция инспекторы демалыс және мереке күндері ауыл тұрғындарымен түнгі кезекшілікке шығуды қолға алған.

– Өткен жылы біраз іс атқарылды. Әлі де жасалатын жұмыс жетерлік. Соның бәрі тұрғындардың бірлігі мен толымды тірлігінің арқасында жүзеге асуда. Ауыл гүлденсе, халқымыз үшін зор қуаныш екені сөзсіз. «Ырыс алды – ынтымақ» дегендей барша адам туған жерін түлетіп, оның дамуына атсалысуы керек, – деді Ж.Әлиев.

Міне, Ақжармадағы айшықты істерді көріп, халқының тыныс-тіршілігімен танысып, қазақтың бір берекелі ауылын көргендей сезіндік. Ауылдың жағдайы қаладан кем емес.

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: